Вакцина туралы нені білу керек? – Иммунолог дәрігер ең маңызды 10 сұраққа жауап берді

2041

0

Қазір вакцина мәселесіне қатысты қоғамда сұрақ көп. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз». Күн сайын шын-өтірігі аралас қаншама ақпарат тарап жатыр. Сол себепті екпеге қатысты маңызды деген бірнеше сұраққа Астана медицина университеті микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының доценті, аллерголог-иммунолог дәрігер Гүлзада Өтеубаева жауап берді.

– Вакцина алар алдында қандай да бір дайындық, күтім қажет пе?

– Бастысы, асқынған ауруыңыз болмауы керек. Басқа жағдайда нақты дайындық қажет емес. Вакцина алмас бұрын сізді дәрігер қарап, денсаулығыңызға қатысты бірнеше сұрақ қояды. Дене қызуыңызды, сатурацияны, қан қысымын өлшеп, жүрегіңізді, өкпеңізді, тамағыңызды тексеріп, еш жеріңіз ауырмайтынына көз жеткізеді.

– Ал вакцина салдырғаннан кейін ше?

–  Иә, вакцина алғаннан кейін күтіну қажет. Екпеден кейін 3 күн ішінде инъекцияның орнын суламау қажет, моншаға түсуге болмайды, алкогольден аулақ болу керек, физикалық жағынан өзіңізге шамадан тыс күш түсіруге, ауыр жұмыс істеуге болмайды.

– Вакцина алған соң қандай да бір өзгеріс бола ма?

– Екпеден кейін коронавирусқа карсы иммунитет калыптасады. Қысқамерзімді тұмаудікіне ұқсас синдромдар, инъекция орны ауырсынуы, гиперемия, ісіну болуы мүмкін. Бірақ 3 күн ішінде басылады.

– Екпеден кейін ауырып қалу мүмкін екені де айтылып жатыр…

– Иә, себебі адам екпе салғызған күні вирус жұқтыруы мүмкін. Вакцинада антидене болмайды, оларды  организм вакцинаға жауап ретінде түзеді. Антидене түзу үшін ағзаға уақыт керек. Әдетте ол 2-3 аптаға созылады. «Спутник V-дің» бірінші дозасын қабылдағаннан кейін 3 аптадан соң екіншісін алу керек және екінші дозадан кейін 2-3 апта өткен соң ғана организмді қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі.

– Вакцинаның бірінші дозасынан кейін вирус жұқтырған жағдайда не істеу керек?

– Ондай жағдайда адам коронавируспен ауырған болып саналады және вакцинаны 6 айдан кейін алады.

– Ауырғаннан кейінгі және вакцина алғаннан кейінгі антидененің айырмашылығы қандай?

– Вакцина алғаннан кейінгі антидене тұрақты болады, ал ауырғаннан кейінгі антидене сіздің қалай ауырғаныңызға байланысты түзіледі.

– Вакцина алғаннан кейін маскасыз жүруге бола ма?

– Вакцинадан соң масканы шешкен дұрыс емес, өйткені вакцина иммунды жүйені ынталандырып, антидене түзеді. Еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызы вакцина алып, ұжымдық иммунитет пайда болғанға дейін маска тағып жүруіміз керек.

– Спутник V жасы үлкен адамдарда қанда тромб түзеді деген рас ақпарат па?

– 60 жастан асқан адамдарға жүргізілген зерттеу 90 пайыз қауіпсіздік және тиімділікті көрсеткен. Тромбоз жағдайы тіркелмеген. Вакцина, ең алдымен қарт адамдарға қажет.

– Жүкті және бала емізетін аналарға не себепті вакцина алуға болмайды?

– Қазіргі уақытта бізде жүкті және бала емізетін әйелдерге COVID-19 вакциналарының қауіпсіздігін растайтын клиникалық зерттеулер туралы мәлімет жоқ, бірақ вакцинаның жүкті және бала емізетін әйелдерге қарсы көрсетілімдері бар деген болжам да жоқ.

– Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді? Вакцина мутацияланған штамдардан қорғай ма?

– Наурыз айының соңындағы мәлімет бойынша вакцинаның әсері 1 жылға жетеді деген болатын. Әсері 6 айға ғана жетеді деген мәлімет те айтылып жүр. Бірақ қазіргі кезде екпенің әсері 2 жылға жететіні мәлім болды.

Вакцина мутацияланған штамдардан қорғай алмайды. Бірақ вакцина аурудың ауыр өтуінің алдын алады.

«Түркістан» газеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<