Вашингтонда қазақ тілі клубы ашылды

499

0

Қазақстан Республикасының Вашингтондағы Елшілігі АҚШ-тағы балаларға қазақ тілін үйрету үшін волонтерлік негізде жұмыс істейтін «Қазақша сөйлеу клубын» («Kazakh speaking club») ашқан болатын, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазақ тілін үйрету сабақтарының ерекшелігі — балаларға түрлі көрнекіліктер көрсетіп, қызықты ойындар ойнату арқылы оқыту әдісінде. Ұйымдастырушылар клубтың мақсаты жай тіл үйрену сабақтарын өткізуден әлдеқайда ауқымдырақ екенін айтады. Негізгі идея — балаларға ана тілі арқылы қазақ мәдениетін меңгеру алаңын қалыптастыру. 

Бұдан өзге, клуб қазақ диаспорасы мен олардың балаларын танысуға, өзара қарым-қатынас жасап, бірігуге ықпал етеді. Жасалатын тілдік орта балаларға қазақ тілінде, оның ішінде күнделікті өмірде өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Клубтың әр кездесуі салт-дәстүр, музыка, өнер сынды түрлі тақырыпта өтеді. 

Сабақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Себебі балалардың барлығы қазақ тілінде сөйлей бермейді, ал кейбіреулеріне ағылшын тіліндегі тапсырмалардың шарттарын түсіну оңайырақ. Бір айта кетерлігі — Америкада дүниеге келген сәбилер өте көп. Клубқа келу олардың қазақ мәдениетін бойларына сіңіріп, ана тілін базалық деңгейде меңгерулеріне мүмкіндік береді. Сабаққа жүйелі түрде келіп жүрген балалар ҚР Мемлекеттік Әнұранының мәтінін жаттап алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<