Облыстық ветеринария басқармасы бір мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атауы – «Ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру».
Аталған лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жасайтын зертханаларға беріледі.
Мемлекеттік қызмет алты айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақылы негізде көрсетіледі. Лицензия Қазақстан Республикасының «Е-лицензия» веб-порталында электронды түрде рәсімделеді.
Облыс аумағындағы ветеринариялық пункттер екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атауы – «Ветеринариялық анықтама беру» және «Ветеринариялық паспорт беру».
«Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі ҚР АШМ «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» веб-порталында (ЕАСУ) тегін көрсетіледі.
Ауыл шаруашылығы министрінің «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес министрліктің «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» веб-порталында рәсімделеді. Ветеринариялық анықтама 3 нысанда, біріншісі тірі жануарларды, екінші нысан жануарлардан алынатын тамақ өнімдерін, үшінші нысан жануарлардан алынатын шикізат өнімдерін тасымалдау үшін беріледі. Ветеринариялық анықтамасыз тасымалдаған жағдайда жергілікті полиция өкілдері айыппұл салады. Сондықтан тек құжатпен тасымалдануы қажет.
«Ветеринариялық паспорт беру» қызметі – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Бұл Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес сырғалау, таңбалау, чиптеу тәсілдері арқылы жүргізіледі.
Бірдейлендірілген жануарлар министрліктің «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына енгізіледі. Олар 14 аса қауіпті, жұқпалы ауруларға, атап айтқанда, құтыру, аусыл, лептоспироз, листериоз, пастереллез, сібір жарасы, нодулярлы дерматит, эхинококкоз, күл, қарасан, оба, туберкулез, вирусты диарея, құс тұмауына қарсы мемлекет есебінен тегін егіледі.
Құрметті облыс тұрғындары! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Сондықтан тұрғылықты жердегі ветеринар маманға жүгініп, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алдырып, Үкіметтен тегін берілетін ветеринариялық препараттарды ектіріп, ауру-сырқаудың алдын алуға және жануарлар мен өнімдерді ветеринариялық ілеспе құжаттармен тасымалдауға шақырамыз.
Облыстық ветеринария басқармасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<