Вице-министр тұрғындармен кездесті

2109

0

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Қызылордаға іссапармен келіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде тұрғындармен кездесті.

Дархан Ахмед-Заки алдымен 2024 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар нәтижесін таныстырып, жоспарларды баяндады.

– Биыл 93 952 мемлекеттік грант бөлініп, шәкіртақы көлемі бакалавриат бойынша 20 пайызға, магистратура, докторантура бойынша 15 пайызға артты. Сонымен қатар, өзекті мәселелердің бірі – жатақхана құрылысы кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда 10 576 орындық 27 жатақхананың құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, елімізде 9 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды, – деді ол.

Вице-министр еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жұмыс жоспарына тоқталды. Оның ішінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің негізгі қорытындылары, педагог даярлау, инженерлік білім берудің ұлттық моделі, студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары, жастарды әлеуметтендіру және тәрбиелеу, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту, әлемдік цифрлық кітапханалар мен платформаларға қолжетімділік, тағы басқа жайттар қамтылды.

Кездесуден кейін жеке қабылдау ұйымдастырылды. Вице-министр ғылым мен жоғары білімге қатысты негізгі мәселелер бойынша өтініштер мен ұсыныстарды тыңдап, сұрақтарға жауап берді.

Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ғылыми-зерттеу жұмысынан түскен табыс 5 есе өсті. Оқу орнында 30 ғылыми жобаның 23-і  Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында орындалуда. Университеттің 3 ғалымы мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанып, 3 ғалым Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына кірді. Сондай-ақ «500 ғалым» жобасы аясында былтыр 13 оқытушы шетелде тағылымдамадан өтті. Биыл 6 оқытушы шетелде ғылыми тәжірибе алмасуда. Үш жылдан бері жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында жалпы сомасы 10 млн теңге болатын университеттің ішкі гранты бөлініп келеді. Ал биылдан бастап грант көлемі 20 миллионға көтерілді. Бұдан бөлек, әлемдік журналдарда жарияланымдары жарық көрген ғалымдар үшін материалдық қаржыландыру көздері қарастырылған.

Вице-министрдің Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бірлескен ғылыми-техникалық хакатон өткізу жоспарланған. Басқосудың негізгі мақсаты – ғылым нәтижелерін өндіріске жақындату.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<