Вице-министрмен кездесті

452

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Ерлан Нұрпейісовпен кездесіп, «Зымыран-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын дайындау және өткізу шараларын талқылады.

Вице-министрдің айтуынша, 1-3 қараша аралығындағы оқу-жаттығудың мақсаты – төтенше оқиға кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйелері басқару органдарының күштері мен құралдарының әзірлігін пысықтау.

Оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай туындағандағы міндеттерді орындауға АҚМЖ аумақтық және салалық кіші жүйелерінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының дайындық дәрежесі анықталады. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бағынысты азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару жөніндегі іс-әрекеттері мен өзара іс-қимылдарының үйлесімділігі жетілдіріледі. Құлақтандыру және байланыс жүйелерінің әзірлігі, жедел кезекшілік ұйымдастыру, диспетчерлік қызметтердің жұмысы, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық резерв қоры тексеріледі. Сондай-ақ ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың, азаматтық қорғау қызметтері жедел штабтарының жұмыстарын ұйымдастыру қарастырылған.

Оқу-жаттығуға облыстық азаматтық қорғаудың 15 қызметі және Қармақшы ауданы әкімдігі қатысуда. Іс-шара екі кезеңнен тұрады. Теориялық  бөлігі Қармақшы ауданы Жосалы кентінде ұйымдастырылса, практикалық іс-қимыл «Диірментөбе» елді мекенінде өткізілмек.

Аймақ басшысы бұл операцияның маңыздылығын айтып, оқу-жаттығудың сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<