Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕХРО орталығында өткен «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде осылай деді.
Мемлекет басшысы волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын, волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің, «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасының жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынатынын атап өтті.
– Адамдарға жақсылық жасау – ерте заманнан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр. Мұны міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі, сүрінгенді сүйеу, жығылғанды демеу, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын Асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қиын-қыстау уақытта Қазақстанға жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті. Волонтерлікті нақты істермен көрсету – патриотизмнің жоғары деңгейі.
– Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер. Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаушылықпен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот емес екенін түсінуіміз керек. Мұндай адамдар заң бұзған болып саналады, яғни, олар – қылмыскерлер, қылмыстық элементтер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейге жеткенін айқындайтын жарқын көрініс екенін атап айтты.
– Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады, яғни, волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы біз озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда, ол қиын тұрмыстық жағдайға тап болған адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділері бар ұлттық еріктілер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді.
– Қазақстанда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипатқа ие болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам еріктілер жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктісін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Президенттің пікірінше, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Оның ішінде, аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектесуі қажет.
– Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара соңында Қазақстан Президентіне «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.
Еліміздің ең үздік еріктілерінің басын қосқан бұл шарада Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік Мемлекет басшысына «Жеңіс» республикалық қайырымдылық жобасы мен Қызылорда қаласында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Әлеуметтік осал топтар, ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлеріне бағытталған бұл жоба Қызылорда қаласы аумағында 4 жыл көлемінде тұрақты жұмысын жүргізіп, 100-ге жуық ардагерге тікелей көмегін көрсетуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<