Уақыттың ауысуы адам психикасына әсер етпейді — маман

549

0

Фото: ашық дереккөз

Биылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанда уақыт белдеуі бірыңғай жүйеге ауысады. Осыған орай Астана медицина университеті академик Е.Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрбергенмен тілдескен едік.

«Уақыттың жылжуы — психоэмоционалды фактор. Бірақ уақыт белдеуінің 1 сағатқа ауысуы адам психикасы мен ағзасына айтарлықтай әсер етпейді. Бейімделуге көп болса 2-3 күн қажет, режимді аз уақытта реттеп алуға болады. Мен Батыс өңірдің тумасымын, бізде Астанадан 1 сағат айырмашылық бар. Туған жерімде бір апта, бір ай болып Астанаға келгенде айтарлықтай өзгеріс немесе үйрене алмай қиналу байқалмады», — дейді Жанна Нұрберген.

Маманның айтуынша, кез келген нәрсеге бейімделу кезінде ең алдымен ұйқы мен тамақты реттеу керек.

«Асты ұйықтар алдында кем дегенде 3 сағат бұрын ішкен жөн. Сол сияқты жатар алдында мүмкіндігінше шектен тыс сұйықтық ішпеген дұрыс. Осы аталған екі ереже адамның жаңа ортаға, уақыт айырмашылығына тез бейімделуіне мүмкіндік береді», — дейді ол.

Сондай-ақ, ғылыми қызметкер сағаттың жылжуы түнде немесе мезгілсіз уақытта жұмыс істейтін адамдарға әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Бұл жерде мәселе олардың уақтылы ұйықтамауында. Өйткені, түн — ұйқының уақыты. Уақтылы ұйықтамағаннан адам ағзасында гормоналды текетірес болып, биоритм бұзылады. Себебі ол адам күндіз ұйықтайды. Осы санаттағы адамдарға уақыттың ауысуы білінуі мүмкін», — деді спикер.

Одан бөлек, Ж.Нұрберген қоғамның осы жаңалықты қабылдауына пікір білдірді.

«Уақыт белдеуі ауысады деген хабар тарағалы әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар, пікірлер тарап жатыр. Уақытты алға немесе артқа жылжыту адамдарды түрлі жүйке ауруларына әкеледі деушілер де бар. Ол — қате пікір», — деп түйіндеді маман.

Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап еліміздің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнайды. 

Аталған өзгеріс Үкімет қаулысымен бекітілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<