Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова онлайн және офлайн форматта есептік кездесу өткізді.
Ректор университеттің академиялық білім беру, ғылыми-зерттеу, халықаралық қатынас,әлеуметтік қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ, 2022-2023 оқу жылында атқарылған жұмыстарды талдап, жетекші оқу орнының алдағы даму жоспарымен таныстырды.
Білім ордасының басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің негізгі мақсаты еліміздегі білім мен ғылым саласының өркендеуіне, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына үлес қосу екенін атап өтті.
2023 жылыQS World University Ranking университеттердің беделді рейтингіне қазақстандық 21 жоғары оқу орны енді. Рейтингтегі үздік ЖОО-ның бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті.
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (НААР) өткізетін «Сұранысқа ие жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі» қорытындысы бойынша 7-орынды иелене отырып, Қазақстан Республикасының ТОП-10 үздік жоғары оқу орнының қатарына кірді. Университеттің 20 білім беру бағдарламасы үздік үштікке енді.
Университет бойынша 2023-2024 оқу жылындағы білім алушылар контингенті 10 мыңнан асты. 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда білім алушылар контингенті 2 есеге, мемлекеттік білім гранты негізінде оқитындар саны 3,7 есеге өсті. Ал, кадрларды даярлау 113 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта оқу орны жасанды интеллект бойынша білім беретін еліміздегі ең негізгі оқу орындарының бірі болмақ. Корея Республикасы үкіметінің қаржыландыруымен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп «IT кафедраларды қайта құрылымдау және жасанды интеллекттің жаңа мектебін құру» жобасы жасалды.
Жеті жылға есептелген жоба оқу процесіне жаңа технологияларды енгізуді, жасанды интеллект және информатика жоғары мектебін құруды, озық университетті қалыптастыру бойынша Оңтүстік Корея тәжірибесінің трансфертін көздейді.
Алдағы уақытта Ұлыбританияның Саффолк университеті және Ченж мектебімен (University of Suffolk and Change School) бірлесіп, кәсіпкерлікке байланысты жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде келешекте Қызылордада бизнес мектебі ашылады.
Мұнан бөлек университетте Каннам Университетімен (Корей Республикасы), Қытай мұнай университетімен (КХР), Томск политехникалық ұлттық зерттеу университеті,Дубна университеті (Ресей Федерациясы), «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу институтымен (Өзбекстан Республикасы) бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Білім алушылардың өз саласы бойынша озық технология, тың зерттеу нәтижелерімен танысуы – басты орында. Бұл ретте еліміздегі өзге оқу орындарында және шетелде І семестр көлемінде оқуға мүмкіндік беретін Академиялық ұтқырлық бағдарламасының маңызы зор.
Осы бағдарлама аясында 239 студент отандық ЖОО-ларда оқып келсе, басқа ЖОО-лардан206 студент Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға келді.
Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы да жүйелі түрде іске асуда. Атап айтсақ, 2022-2023 оқу жылында 21 білім алушы Еуропаның Лодзь (Польша), Ховест қолданбалы ғылымдар университетінде (Бельгия), Томск политехникалық зерттеу университетіндебілімдерін шыңдап келді.
Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылының бірінші академиялық кезеңінде 44 білім алушы Хубей (ҚХР), Каннам (Оңтүстік Корея), Лодзь (Польша), Сельчук (Түркия), Ташкент (Өзбекстан) жоғары оқу орындарында ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда.
Университет ғалымдары өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында гранттық және халықаралық жобаларды жүзеге асыруда. Университетте жалпы ғылымнан түскен табыс жылдан жылға ұлғайып келеді.2022 жылы 17 жоба орындалған болса, 2023 жылы жалпы 23 ғылыми жоба орындалуда. 2020 жылмен салыстырғанда ғылымнан түскен қаржы 3,2 есеге өсті.
2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы аясында 500 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде.
Университет ғалымдары «500 ғалым» жобасы аясында АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Ресей, Белорусия, Әзірбайжан мемлекеттерінде тәжірибеден өту үшін жолдама алды. 2022 жылы 6 ғалым тағылымдамадан өтсе, 2023 жылы 14 ғалым жоба жеңімпазы атанды. Бүгінде тағы 10 ғалым ғылыми тағылымдамаға құжаттарын тапсырды.
Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылды. Жоба аясындамамандықтардың өңірлік картасы жасалып, аймаққа қажетті мамандықтар анықталады. Соған сәйкес, университетте жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді.
Оқу орнында сапалы академиялық білім беру бағытындағы жұмыстар, ғылыми зерттеулер қарқын алды. Сонымен қатар, студенттердің ұлттық рухты бойына сіңірген, шығармашылық әлеуетін ел дамуына жұмсайтын рухы биік тұлға ретінде қалыптастыру мақсатында университетте 24 жастар ұйымы жұмыс жасауда.Осы бағытта2022-2023 оқу жылында 892 іс-шара ұйымдастырылған.
Университетте спорттың 13 түрінен: шахмат, волейбол, баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ, бокс, пауэрлифтинг, жүзу, фитнес, күрес, теннис, киберспорт, спорттық би секциялары жұмыс жасайды.
Жыл сайын өткізілетін республикалық Студенттер лигасына университет студенттерінен құралған командалар спорттың 7 түрінен (баскетбол, волейбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, шахмат) тұрақты қатыстырылып, жүлделі орындар иеленуде.
Университетте Әлем чемпионатының – 9, Азия чемпионатының – 23, Қазақстан чемпионатының – 125 жеңімпазы мен жүлдегерлері бар.
2023 жылғы ЖОО арасындағы жазғы универсиадаға спорттың 16 түрінен 120 білім алушы қатысты. Жалпыкомандалық есепте университет спортшылары 9 орынды иеленіп, 37 медаль (алтын-7, күміс–8, қола-22) қоржынға салды. Қатысушылар университеттің арнайы спорттық киімдерімен толықтай қамтамасыз етілді.
Белсенді жастардың шығармашылық ортасын қалыптастыру және олардың бастамасына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Әділхан Досым мен Тұрсынбай Елдос 600 мың теңге грант жеңіп алды.
«Ақиқат» саяси пікірсайыс клубының мүшелеріТүркістан қаласында өткен республикалық турнирде жеңімпаз атанды.
Республикалық Алматы Ашық лигасының жартылай финалдық сайысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Q құрамасы» үздік өнер көрсетіп, финалдық ойынға жолдама иеленді.
«CHEVRON» компаниясы ұйымдастыруымен өткен «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында университет студенттері Темірлан Абжанов пен Саят Урикбаев 2 млн 600 мың теңге грант жеңіп алды.
Университет ректоры сөзін қорытындылай келе Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті алдағы уақытта еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыратынын айтты.
Айта кету керек, жиынға зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, білім алушылар, жұмыс берушілер, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Оқу орны басшысының баяндамасынан соң, студенттер, оқытушылар мен БАҚ өкілдері сұрақ қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің медиа орталығы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<