«Уылдырық шашу» судағы уылжыған тіршілік қорғаны

1492

0

Теңіз жақ беткейде тұратындар үшін таныс бір сөз бар. «Ойын балық» дейді. «Ойын балықтың кезінде шанышқымен шығу керек» деп алақанын ысқылайтын кей жігіттерді де көрдік. Бұнысы – көл жиегіне жақын келетін балықты нысанаға алу. Дұрысы, осылай аулағанды тәуір көреді.

«Ойын балықтың» уақыты – мамыр-маусым айы. Күн ысысымен дария мен көл жағасына жақын маңда балық біткеннің жиі-жиі шоршитынын байқаған боларсыз. Су бетіне ытқи шығып, ауада бірер секунд қалықтаған күйі қайта сүңгиді. Көзге асыр салып ойнап жүргендей көрінеді. Атауы осыдан қалыптасқан сияқты. Ал біз мұндайда үлкендердің «уылдырық шашар уақыты болыпты-ау» деген күбірін еститінбіз. Аңысын аңдасақ, балық шіркін өз ұрпағын жағаға жақын келіп тастайды екен. Неге олай екенін де осы алдыңғы буын айтып берген. Жиектегі судың жылы болатыны, уылдырықтың тез жетілуіне мұның үлкен көмегі барын осылай білдік.

«Ойын балықтың» уақытын әдейі күтіп, аулайтындар жоқ емес. Қаптап алып, оңай олжаға кенелгісі келеді. Бұл – балық өсіміне бірден-бір кедергі. Содан болар, жыл сайын өңірде балықты қорғау мақсатында «Уылдырық шашу» акциясы өтеді. Биыл да солай. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің «Су айдындарында «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бұйрығы шыққан. Қазір осының негізінде облыс аймағындағы теңіз, өзен және көлдерде қатаң бақылау жүргізілуде.

Акция 1 сәуір мен 10 маусым аралығын қамтиды. Қорғау шарасы Кіші Арал теңізінде 1 мамырдан басталса, облыстағы су айдындарында 20 сәуірден 10 маусымға дейін балық аулауға болмайды. Сондай-ақ артемияның көбею кезінде Өзбекстан Республикасының шекарасына дейінгі Қазақстан аумағындағы «Тұщыбас», «Чернышев» шығанақтарын қоса алғанда, Ұлы теңіздегі артемия жұмыртқаларын жинауға тыйым салынған. Бұл шара 1 сәуір мен 31 шілде айының аралығын қамтиды.

– Қазір инспекция бойынша 92 табиғат қорғау заңнамасын бұзу анықталып, оның ішінде 5 қылмыстық іс ішкі істер органына жолданды. 87 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 16-сы сот орындарының қарауына жіберілді. Акция басталғалы заңсыз балық аулағаны  үшін 71 адамға  765 мың теңге айыппұл салынды. Табиғатқа келтірген залалы үшін 14 адамнан 6 млн 186 мың теңге талап етіліп, өндірілуде. 1876 келі әртүрлі балық тәркіленді, – дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Руслан Сейітмұратов.

Күшейтілген рейд жұмыстарының нәтижесі жаман емес. Бүгінде қытай торын қолдану, тоқпен ұру сияқты залал келтірушілер азайған. Оның үстіне аумақтық инспекция, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары, құқық қорғау қызметкерлері бірлесіп, арнайы бекітілген іс-шара негізінде жұмыс істеуде. Уылдырық шашу мезгілінде балық шаруашылығы саласындағы заңдылықтарды көпшілікке түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, мақалалар жарияланып келеді.

– Тыйым салынған мерзімде немесе тыйым салынған жерде балық аулағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабына сәйкес құралдары тәркілене отырып, 20-дан 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 335-бабымен балық аулау мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондықтан аймақ тұрғындары заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс, – дейді облыстық табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры Сәбит Серімбетов.

Мысалы, былтыр инспекция заң талаптарын орындамағандардан 2685 келі балық, 121 аулау құралы (қайық, ау), бір мотоцикл, төрт мотор, үш аккумулятор, екі тоқкүшейткіш, екі шанышқы, екі прожектор сот шешімі шыққанша алынған. Сот шешімімен 8 келі сазан, 1 дана құжатсыз үш доңғалақты мотоцикл, 2 ескек пен үрмелі қайық мемлекет пайдасына тәркіленіпті. Бұған қоса 88 дана полиамидті моноталшықтан жасалған синтетикалық ауды жоюға шешім шыққан.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ