23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні
Нәзікжандылар мемлекеттік қызметте де мерейлі. Сырдария ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева солардың қатарында. Жуырда ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік қызмет аруы» байқауында бас жүлдені еншіледі. Сайыста Әйгерім өз ісіне деген сүйіспеншілігінен бөлек, отбасындағы жауапкершілікті жоғары қоятынын көрсетті.
– Кәсіби шеберлік кез-келген маманның қоғамдағы сұранысы мен орнын анықтайды. Сондықтан әрбір адам өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте қажет. Мен осы дүниелерді естен шығармауға тырысамын. Байқауға қатысуға да осы нәрсе сеп болды. Ал, отбасым – менің басты байлығым. Мені алға ұмтылдыратын, ерекше күш-жігер беретін осы отбасымның қолдауы деп білемін, – деді Әйгерім.
Кейіпкеріміз мемлекеттік қызмет мінсіздікті талап ететінін, қызметкер өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі тиістігін алға тартты. Әңгіме барысында көкейіндегісін бүкпесіз жеткізетінін байқадық. Қызметте жаңашылдығымен ерекшеленетін оны әріптестері де білікті маман ретінде бағалайды. Ол әрдайым абырой биігінде. Бұл ретте мемлекеттік қызметте Әйгерім секілді жастардың қарасы көбейгені қуантарлық дер едік. Бойына елжандылық дарыған олардың ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете берері анық.
Бүгінде Сыр өңірінде 1657 қыз-келіншек мемлекеттік қызметте еңбек етеді екен. Олардың 749-ы жергілікті, 908-і орталық атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшесінде қызмет атқарып жүр.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<