Экономикалық қылмыстарды анықтау құқықтану ғылымының бірнеше саласын қамтуды талап етеді. Айтарлықтай үлес қосатын сала – криминалистика.
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің криминалист мамандары құжаттамалық зерттеу, компьютерлік-техникалық зерттеу, экономикалық және тауартану зерттеулер жүргізе отырып, қылмыс әлемінің ашылуында салмақты роль атқарады.
2019 жылдың 9 айында мамандар 370 зерттеу жүргізген. Зерттеулердің басым бөлігі құжаттардың техникалық зерттеуіне (203) тиесілі. Оның ішінде алкоголь өнімдерінің есепке алу-бақылау маркасына, ақша банкноттарына зерттеу жасау жиі кездеседі.
Жалған ақша купюраларына қатысты департаменттің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жыл басынан бері 18 факт тіркелген. Қолдан жасалған ақшаны сақтау және өткізу кәсібімен шұғылданғандар ақыры заңға тұтылады. Мысалы: Қызылорда қаласы аумағында номиналы 10 000 теңгелік жалған ақша купюраларын алдын ала сөз байласу арқылы өткізу дерегімен айыпталған адамдар тобы Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен 5 жыл бас бостандықтарын шектеу жазасын алды.
Компьютерлік-технологиялық зерттеу (9 айда – 74 зерттеу) заңсыз ойын бизнес объектілерін анықтау мақсатында пайдаланылады.Үстіміздегі жылдың басынан бері жалпы заңсыз ойын бизнесіне қатысты 11 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Нәтижесінде 23 ойын мекемесі жабылды, 182-ге жуық заңсыз ойын ойнатылған құрал жабдықтар және жалпы сомасы 2 млн 846 мың 760 теңге айналымнан алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен, бұған дейін өндірісте болған қылмыстық істерді қосқанда, 10 қылмыстық іс айыптау актілерімен сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің көлеңкелі экономиканы төмендетуге бағытталған «Жол картасы» негізінде ағымдағы жылдың 15 тамызы мен 15 қазаны аралығында «Ойын тоқта» жалпы республикалық жедел алдын алу шаралары жүргізілді.
Бюджет қаражатын жымқыру, салық төлеуден жалтару, жалған кәсіпкерлік сияқты құқықбұзушылықтарды анықтау барысында 34 экономикалық зерттеу жүргізілген. Бұл бағыттағы зерттеулер бухгалтерлік зерттеу, қаржы-бюджеттік зерттеу, қаржы-кредиттік зерттеу болып келеді.
Мұнан басқа қолжазба және қолтаңбалық зерттеу, тауартану зерттеуі жүргізіледі.
Криминалист-мамандардың тергеу амалдарына және жедел іздестіру іс-шараларына қатысқан әр сапары елеулі нәтиже әкеледі. Өйткені, криминалистика ғылымының қыр-сырын меңгерген қызметкерлер өз білімін ұдайы жетілдіріп отырады. Экономикалық қылмыстар әлемінің әдістері жаңарған сайын – оған қарсы мамандардың тәсілі мен дайындығы да дамып отыруы шарт.
Б.ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
Экономикалық тергеу
департаментінің бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<