Стандарттау өндірістің даму қарқынына және деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Ғылым мен техникадағы және тәжірибедегі соңғы жетістіктерді негізге ала отырып, стандарттау өндірістік қолжетімділікті арттырып қана қоймай, ғылым мен техниканың ынталандырушысы болады.
«Prima Park» бизнес орталығының мәжіліс залында техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаменті және «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК филиалының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік стандарттар күніне орай дөңгелек үстел өтті.
Биылғы Дүниежүзілік стандарттау күні «Бейнедегі стандарттар әлемдік аренаны қалыптастырады» ұранын негізге алған.
Стандарттау объектілеріне ғылым, техника, өндіріс, ауылшаруашылық өнеркәсібі, құрылыс, көлік, мәдениет, денсаулық сақтау, сондай-ақ, халықаралық саудада бірнеше рет пайдаланылатын нақты өнім, норма, талаптар, әдістер, терминдері жатады. Іс-шараға облыстағы бизнес қауымдастық, өнеркәсіп ұйымдары, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушылары қатысты. Техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Ә.Қамзаев, «ҰССО» АҚ ҚФ директоры Е.Қамбаров қатысушыларға шара мақсатын айтты.
Дөңгелек үстелде техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелер, облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында сапа менеджменті жүйесін енгізу жұмыстары, өнімдер мен қызметтерді инновациялық стандарттауды дамыту жайы талқыланды.
Шарада ерен еңбегі мен стандарттау саласының дамуына қосқан үлесі үшін «ИМЦ», «Стандартстройсервис ЛТД», «Ақмешіт құрылыс Қызылорда» ЖШС, «Қор» Мұнай компаниясы АҚ бөлім басшысы С.Барабанов, «Қуатамлонмұнай» БК бөлім басшысы Ж.Бекназаров Құрмет грамотасымен, алғыс хатпен марапатталды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<