Өңірде тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы және мүгедек бала асыраушы отбасыларға арналған республикалық әлеуметтік «Менің кәсібім» жобасы жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі мен жоба жетекшілері бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Жоба аталған санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік дағдысын дамытып, үй жағдайында шағын кәсіппен айналысуына, осылайша әл-ауқатын жақсартуына мүмкіндік береді. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстануы құптарлық іс екенін атап өтті. Өйткені өне бойы мемлекетке қол жаюдан бюджеттің де түбі көрінетіні түсінікті.
– Үкіметтің бір ғана жәрдемақысына қарап өмір сүруге болмайды. Масылдық пен мұқтаждықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Президент қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттаудың маңызды екенін айтып жүр. Сондықтан жоба оған қатысушылардың еңбекке құштарлығын оятып, аяғынан нық тұруына көмектеседі, – деді Н.Байқадамов.
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Маңғыстаудан бастау алған республикалық жоба қазір Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында халыққа шарапатын тигізуде. Оның ізін Сыр өңірі жалғап отыр.
– 800-ден астам үйді аралап көрдік. Арасында тұрмысы тәуір отбасылар да болды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандардың кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, кішігірім тірлікпен айналысуы үшін қолдау жасаймыз. Бірақ қаржылай емес. Мысалы, ісмер үшін тігін машинасынан бастап ине-жібіне дейін алып береміз. Оның тек еңбексүйгіштігі мен талпынысы болуы керек, – дейді жоба авторы Айжани Нұрланова.
Тараптардың өзара ынтымақтастық туралы меморандумына сәйкес бастаманы қала, аудан әкімдіктері жүзеге асырады. Ал үйлестірушісі – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Назерке САНИЯЗОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<