Ынтымақ пен ырыс тойы

580

0

Фото: Қала әкімдігі

Биыл Наурызнаманың он күндігімен салт-санамызды, дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған шаралар қала аумағында, кент және ауылдық округтерде кеңінен аталып өтілуде.

Бүгінгі «Ынтымақ» күнінде тұрғындар Тараз көшесінің бойында «Армысың, әз-Наурыз!» атты мәдени-көпшілік шарасын тамашалауға жиналды.

Елдің бірлігі мен берекесін білдірген мейрам халық күткендей сән-салтанатқа ие болды. Ән мен жыры көмкерген шараға қала әкімі Серік Қожаниязов қатысып, тұрғындарды маңызды мерекемен құттықтады.

«Ежелден келе жатқан әз-Наурыз ұлық мерекеміз биылғы жылы ерекше аталып өтілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен жоспарланған «Наурызнама» қайта жаңғырып, ұлы даламызда ұлттық дәстүріміз салтанат құруда. 14 наурызда – «Көрісу» күні – «Амал» мерекесімен басталған бұл шараның әрбір күні арнайы атаумен аталып, бүгін мерекенің шырайын шығарып, шаттыққа кенелткен «Ынтымақ» күні ретінде аталып өтілуде.
Қазақтың әдет-ғұрпына әлемнің көптеген ұлттары мен ұлыстары қызыға қарайды. Ұлттық салт-дәстүрді сыйлау, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу – біздің қасиетті парызымыз» деп, Серік Салауатұлы жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді.

Наурыз тойының сәнін келтіріп, қазақы үй тігіп, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар мекеме және оқу орындары қала әкімінің марапатын алды.

Мерекелік шарада Наурыз нақыштары, ұлттық салт-дәстүріміз жан-жақты насихатталып, Сыр сүлейлерінің нұсқалы сөз, нақыл термелері орындалды. Қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлаған дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Әл-Фараби Бекарысұлы, Үміт Медеуова, “Алатау серілері” этно-фольклорлық ансаблі, эстрада жұлдыздары Жанболат пен Жазираның өнеріне ел сүйсіне қол соқты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<