Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергисті қабылдады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріле отырып, Қазақстан мен Литва қарым-қатынастарын дамыту перспективалары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы іс-әрекет мәселесі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Габриэлюс Ландсбергиске ілтипат білдіре отырып, Литва еліміздің Балтық жағалауы аймағы мен Еуропалық Одақтағы басымдыққа ие серіктесі екенін атап өтті.
Кездесуде үкіметаралық ынтымақтастықты және екі елдің іскер топтары арасында көлік, логистика, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы іс-әрекетті жандандырудың маңыздылығы сөз болды.
Өз кезегінде Габриэлюс Ландсбергис Қасым-Жомарт Тоқаевқа Литва Президенті Гитанас Науседаның жүрекжарды сәлемін және ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар Литва Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Бұдан бөлек, олар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Нақты шешімдер қабылдауды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-министрдің баяндамасын тыңдады.
Қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізді. Екібастұзға келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға жедел басшылық жасау тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді. Сондай-ақ Үкіметке Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, жекешелендірілген энергетикалық активтерге және олардың иелерінің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Президент Үкімет пен құқық қорғау органдарының барлық жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<