Ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін берілді

525

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Қатар Мемлекетінің Әмірі Қазақстан Президентін «Diwan Amiri» сарайында қарсы алды.

Келіссөз алдында Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Қатар Мемлекетінің Әмірі келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз. Бізге көрсетілген қонақжайлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқталды.

– Жоғары Мәртебелі Президент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапармен келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар Мемлекетінің Әмірі.

Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Әмірдің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды.

Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Қатар Мемлекетінің Премьер-министріне алғыс айтты. Сонымен бірге Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтіп, бүгін қол жеткізген келісімдер серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Осы сапарды дайындауға атсалысқаныңыз үшін Сізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапар шынымен сәтті болды. Біздің қарым-қатынасымызға тың серпін беретін құжаттар топтамасына қол қойылды. Жоғары Мәртебелі Қатар Әміріне айтқанымдай, біз өзара байланыстарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл өте үлкен жетістік деп санаймын. Мен осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмай, алға қадам басып, өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық байланыстар бірлескен күш-жігердің негізгі тірегіне айналуға тиіс.

Өз кезегінде Қатар Премьер-министрі сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастардың айтарлықтай жанданғанын атап өтті.

– Біз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған және айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Өзіңіз айтқандай, бұл өз-өзінен бола салған дүние емес. Одан да үлкен жетістіктерге жету үшін жұмысты жалғастыру қажет. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне өте қуаныштымын. Екі елдің мол әлеуеті бар деп санаймыз, – деді шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни.

Қазақстан Президенті екі ел үкіметтерін сауда-саттық қарқынын арттыру үшін нақты экономикалық мәселелерге назар аударуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға зор үміт артып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Шығанақ аймағының үлкен нарығына кең жол ашуға және жаңа транзиттік бағыттарды қарастыруға баса мән беретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қатар компанияларын Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Сонымен қатар келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ Президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<