Ықыластың  ыстық  лебі

611

0

Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Бақыт Нұртазаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Жиында аймақ басшысы Бақыт Әбдіғаппарұлының облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің жаңа сорттарын Сыр топырағына әкеліп, оларды жерсіндіруге зор үлес қосқанын атап өтіп, мерейтой иесіне ризашылығын білдірді.

«Қазақта «өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді» деген даналық сөз бар. Соның бір көрінісі – аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, құрмет көрсету дәстүрге айналды.

Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, кіндігі байланған еліне адал қызмет етіп, зор абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасынан Бақыт Әбдіғаппарұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы бәрімізге белгілі. «Түгіскен», «Қарауылтөбе», «ІІІ Интернационал» ауылдарындағы тұқым шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, күріштің жаңа сұрыптарын әкеліп, будандастыруға тың серпін бердіңіз. Сол жылдарға дейін өңірде күріштің тек «Ақмаржан» сорты өсетін. Ресейдегі маңдайалды күріш институтымен тәжірибе алмасу арқасында «Лидер» және «Янтарь» сорттары Сырдың егін даласында жайқалып, мол өнім бере бастады. Күріштің осы сұрыптары әлі күнге дейін өсіріліп, республиканың 90 пайыз қажеттілігін өтеуде», – деп атап өтті Нұрлыбек Машбекұлы.

Сыр елінің, облыс орталығының, күріш шаруашылығының өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін Бақыт Нұртазаевқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Мерейтой иесін Жалағаш және Қармақшы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шахизат Төребаев, Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қожахмет Баймаханов, Арал және Қазалы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Болатбек Пұсырманов құттықтады.

Бақыт Нұртазаев 1953 жылы Жаңақорған ауданы Қыраш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1974 жылы аудандық «ПМК-34» жылжымалы-механикалық колоннасында мастерліктен бастаған. Біраз жыл осы мекемеде прораб, бөлім басшысы болып, аға инженерлікке дейін көтерілді. Осы аралықта «ПМК-34» мекемесінің қатысуымен ауданда 18 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілген.

1976 жылы 20 млн текше метр су сиятын «Бесарық» плотинасы, 1981 жылы 10 млн текше метр су жинайтын «Жиделі» қоймасы салынған болатын. 1995-1996 жылдары «Қыркеңсе» өндірістік кооперативінің төрағасы, 1996-1999 жылдары Жаңақорған ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 1999-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Облыстың өндірісі, шаруашылығы тұралап қалғанда, кеңестік үлгідегі кеңшарлар мен ұжымшарлардың жаңа моделін қалыптастыруда, мемлекеттік бағдарламалардың өңірде сәтті жүзеге асуына атсалысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<