Ыстамбұлдағы 1,5 млн нысан бұзылмақ

530

0

Фото: smooth-travel.com

Түркияның ең ірі шаһары Ыстамбұл қаласында 1,5 миллион нысан бұзылып, қайта салынады. Сондай-ақ билік ғимараттардың жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздігін күшейту жұмыстарын тез арада қолға алмақ. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасының Түркиядағы тілшісі Айдос Әшімұлы хабарлады деп жазады turkystan.kz.

Қазір Ыстамбұлда шамамен 50-60 жыл бұрын салынған ескі үйлер өте көп. Түркияның шығысында болған алапат зілзаладан кейін ел билігі қаладағы жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын осындай ғимараттарды аз уақытта бұзып, қайта салу туралы шешім шығарған. Сейсмикалық талаптарға сай емес және жер астындағы дүмпу ошағының үстінде тұрған үйлер бұзылып, арнайы дайындалған қауіпсіз аймақтарда қайта салынады.

Мен осында 1979 жылдан бері тұрамын. Мына үйлердің іргетасына бетон қазықтар қағылмай, жердің бетіне ғана сала салған. Ертең құласа, кім жауап береді? Үкіметтің тез арада ескі үйлерді бұзу туралы шешімін естіп, қуанып қалдық. Бұл жобаны осыдан 10 жыл бұрын қолға алу керек еді. Дегенмен ештен кеш жақсы, – дейді қала тұрғыны Селим Йылдырым.

Түркияның ең ірі мегаполисі Стамбулда жер сілкінуі мүмкін дегенді кейінгі жылдары мамандар жиі айтып жүр. Алапат апаттың алдын алу үшін тиісті министрлік жаңа жоба ұсынып отыр.

Ыстамбұлда бұзылуға тиіс 1,5 миллион нысан бар. Бұлардың 300 мыңын тез арада бұзу қажет. Қазір біздің министрліктің Ыстамбұлда 94 мың ғимаратты қайта салу жөнінде дайын жобасы бар. 1,5 миллион үй салуға арналған екі арнайы жер телімі де дайын. Тиісті ұсынысты Президентке жолдадық. Жақын арада бұған қатысты нақты шешім шығарылады, – деді Қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі Мұрат Курум.

Ал жер сілкінген елдің шығысында арнайы комиссия күні бүгінге дейін 1,5 миллион нысанды тексерген. Оның нәтижесінде 582 мың ғимараттың толықтай немесе жартылай қирағаны анықталды. Мамандар апат аймағындағы үйлерді бір жыл ішінде қалпына келтіреміз деп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<