Ыстық су беріле бастады

270

0

Ыстық су қала тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болатын. Биылдан тұрғын үйлер ыстық сумен қамтыла бастады. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген баспасөз турында көпшіліктің пікірін білген едік.

Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар басталған болатын. Ыстық су жүйесіне қосылуда тұрғындардан шығын шықпайды, мердігер мекеме тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Сала мамандарының айтуынша, ыстық сумен қатар суық суға да насос қойылуда. Соның арқасында жоғары қабаттарға су көтерілмеу мәселесі оң шешімін таппақ. Басты артықшылығының бірі, құрылғы толығымен автоматтандырылған.

Бүгінге дейін қала тұрғындары ыстық суды электр немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы пайдаланып келді. Ыстық су кіргізу әр тұрғынның өз еркінде. Орнатып беру тегін. Желіні жүргізгенде сапасы жоғары материалдар, танымал еуропалық өндірушілердің жабдықтары қолданылады. Бұл ыстық су жүйесінің сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

– Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындарын ыстық сумен қамтуға Үкіметтен қомақты қаржы бөлінді. Пәтерлерге ыстық су беріле бастады. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Жүйенің көп артықшылығы бар. Судың да сапасы жоғарылайды. Сыртқы температураға байланысты ыстық суды құрылғы өзі реттейді. Бұл тұрғындар үшін де тиімді болмақ, – дейді «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасының кеңесшісі М.Кәрімбаев.

Үйіне ыстық су келген Нұрлан Әбиев «Астана» шағын ауданында тұрады. Жаңалыққа жаны жадырап, қуанып қалғанын жеткізді.

– Ыстық суды қалағанымызша пайдаланып, рахатын көріп отырмыз. Жағдайымыз жылдан-жылға жақсаруда. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа және мекеме басшыларына мың да бір рахмет айтамын, – дейді ол.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<