Ыстық су: Биыл 187, келесі жылы 237 үйге  қосылады

351

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылорда – көпқабатты үйлерінде ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы. Қала тұрғындары су жылытқыштар, жалпақ тілмен айтқанда, «Аристон» құрылғысын пайдалануға мәжбүр. Алайда оның да электр қуатына тәуелділігі мен көлемінің шектеуі бар. Жылдар бойы созылып келе жатқан түйткілді мәселенің түйіні жақын уақытта шешіледі.

Мемлекет басшысының былтыр өңірге жасаған сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселені көтерді. Президент алдағы 2-3 жылда мәселені шешуге қажет мөлшерде қаржы бөлуге Үкіметке тапсырма берді. Енді Үкімет резервінен қаржы бөлініп, жұмыстар басталды. Бұл туралы жауапты сала басшылары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Тұрғындарды ыстық сумен қамту екі кезеңде жүргізіледі. Биыл 187 үй, 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленгенін айтты.

– Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Жалпы жоба құны – 24 млрд теңге. Бүгінде Үкімет резервінен алғашқы 187 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін 11 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржы облысқа келді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Алдағы аптада құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз.

Өздеріңізге белгілі, көпқабатты үйлердің көбі ескі. Өжірелері суға толған, ішкі құбырлары тозған. Оларды жөндеу жұмыстарының барлығын мердігер мекеме атқарады. Сондай-ақ пәтерлерге кіргізіп, ыстық су жүргізеді. Бұл жұмыстарды алдағы жылу беру маусымына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілген еді. Бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік «Аристон» құрылғысы бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Оған 1 700 теңге мен 2 000 теңгенің аралығында шығын кетеді. Біз осы орайда жылытқыш құрылғы пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған үйді салыстырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары басталуда. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы «Шұғыла», «Сырдария», «Сол жағалау» шағын аудандарында, «Тәуелсіздік», Бейбарыс Сұлтан көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүргізіледі, – деді Медет Усаин.

Өз кезегінде Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай жұмыстарды дер кезінде аяқтау үшін тұрғындар да атсалысуы керегін атап өтті.

– Қызылорда қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету. Осы мақсатта облыс әкімінің арнайы тапсырмасы негізінде бірнеше жоба қарастырылып, ыстық су желілерін орнату басталды. Қазір қаладағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып,  тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты үй тұрғындарын дер кезінде ыстық су желілерін орнатуға рұқсат беруге шақырамыз. Бұл өз кезегінде жұмысты орындауға және уақыт үнемдеуге ықпал етеді, – деді Ғалымжан Еркебай.

Сондай-ақ «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Бауыржан Әбідқаппарұлы ыстық судың тиімділігін айтты.

– Себебі «Аристон» құрылғысы ұзаққа жарамайды. Ыстық су желісі электр энергиясы мен қаржы үнемділігін реттейді. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердегі су қысымы жоғарылайды. Осы арқылы ауызсу мәселесі оңтайлы шешілмек, – деді ол.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондырғыларын үнемдеуге де септігін тигізбек. «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шалқар Рахышев ыстық су жүйесі электр энергиясына жүктемені азайтатынын атап өтті. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 84 МВТ болса, ыстық су желісі жүргізілгеннен кейін 14 МВТ-қа дейін жүктеме азаяды.

Сонымен қатар, брифингте «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директорының орынбасары Хасанғали Иманғалиев тұрғындар жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы ыстық сумен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Айта кетсек, қазіргі таңда облыс орталығында ыстық сумен қамтамасыз етіліп отырған 6 көпқабатты үй бар. Ыстық судың бағасы 172 теңге.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<