Коронавирустан қалай қорғану керек? Масканы киіп жүрудің пайдасы қандай? Қытайдың дәстүрлі медицинасында (ҚДМ) коронавируспен күресудің қандай амалдары бар? «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Ухань қаласында COVID-19 індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген ҚХР-дың ҚДМ-мен емдеу жөніндегі Ұлттық сарапшылар тобы басшысының орынбасары, ҚДМ бойынша Бейжің ауруханасының басшысы Лю Цинцюань жауап берді.
– Сұхбатты коронавируспен ауыратын науқастарды емдеудің қытайлық тәжірибесі туралы сұрақтан бастағым келеді. Сырқаттарды емдеуде дәстүрлі қытай медицинасының қандай әдістерін қолдандыңыздар?
– Емдеу барысында мына жай анықталды: аурудың 80 пайызы жеңіл және орташа дәрежеде, олардың кейбірі тіпті белгі бермей өтіп кетеді екен. Қазіргі уақытта белгі бермейтін, яғни симптомсыз тасымалдаушылар бақылауға алынды. Ауыр түрінде ауру пациенттердің 20 пайызында кездеседі. Ауру белгісі білінбейтін тасымалдаушылар мен жеңіл түрде көтеретін науқастарды емдеу үшін алдымен, оларды оқшаулау қажет. Сырқат ауыр формаға өтіп кетпеуі тиіс. Бұл, ресурстарды, ең алдымен, қиын жағдайларға бағыттауға мүмкіндік береді. Қытайдың дәстүрлі медицинасының әдістері аурудың жеңіл түрі және белгі бермейтін тасымалдаушылармен ауыратын науқастарды емдеуде тиімді екендігін көрсетті. ҚДМ диагностикасының көмегімен коронавирус аурулар түрінің «ылғалдылық синдромына» жататынын анықтадық. Ауруды жеңіл көтеретін адамдарға үш әдісті пайдаланамыз: бірі – «патогенді ылғалдылықты сыртқа шығару», екіншісі – «детоксикация», үшіншісі – «ыстықты қайтарып, қан айналымын жақсарту». Бұл ауру өкпеге, көкбауыр мен асқазанға ауыр тиеді. Сондықтан біз өкпенің шашырату функциясын жоғарылату, көкбауыр мен асқазанды нығайту үшін дәрі-дәрмекті қолданамыз. Біздің «Цзянся» емханасында (Хубэй провинциясының Ухань қаласында орналасқан) бұл емдеу әдісі 500-ден астам пациентке қолданылды. Сонымен қатар біз пациенттерді сауықтыруға ықпал ететін гуаш әдісін, күйдіріп емдеу, меридиандар бойын тоқылдату, цигун және тайцзицюань тәсілдерін пайдаланамыз. Бүгінгі күні біздің емханадан шығып кеткен пациенттерді қайта тексерген кезде коронавирус теріс нәтиже көрсетіп отыр. Екіншіден, осы әдістер арқылы емдегенде жағдайы нашарлап кеткендер болмады. Үшіншіден, біздің емханада жұмыс істеген дәрігерлер мен медбикелерден, уақытша модульді емханадағы өзге де қызметкерлердің ішінен коронавирусты жұқтырған бірде-бір адам анықталған жоқ.
– Коронавирустан қалай қорғануға болады?
– Біріншіден, тұрақты әрі дұрыс тамақтану керек. Майлы және тәтті, шикі және салқын тағамдардан бас тартуға тура келеді. Жеңіл сіңетін, жоғары калориялы тағамдарды тұтынуға тырысыңыз. Екіншіден, қалыпты түрде демалған абзал. Үшіншіден, сауықтыру гимнастикасын жасап тұрған жөн. Сонымен қатар оқшауланудың, бұқаралық шараларға қатысудан бас тартудың, қолды жуып, маска киюдің маңыздылығын тағы бір еске салғым келеді. Бүгінгі таңда Қытайда ұстанатын ең жақсы әдісіміз – үйде оқшаулану.
– Масканы тағып жүрудің пайдасы бар ма?
– Қытайда масканы міндетті түрде киіп жүру керектігін айтамыз. Эпидемия кезінде науқастар індетті басқаларға жұқтырмау үшін маска қажет. Ал сау адамды маска ауру жұқтырудан қорғайды. Коронавирустың жаңа түрінен туындаған пневмония – бүгінгі күні әлі толық зерттелмеген ауру. Вирус тым әккі. Біз ол туралы әлі көп білмейміз. Сондықтан алдын алу үшін маска кию керек.
– Еуропа елдерінің бірқатарында коронавирус инфекциясын жұқтыруының көп болуының себебі неде?
– Мұның бәрі мәдени айырмашылыққа байланысты. Еуропада тек ауру адам маска киюі керек, ал сау адамға оның керегі жоқ деген пікір бар. Тағы бір себеп – оқшауланудың ішінара ғана орындалуы.
– Тағы қандай кеңес бере алар едіңіз?
– Сабыр сақтаңыз. Эпидемия кезінде қоғамда дүрбелеңнің пайда болатыны заңды. Алайда, дүрлігудің қажеті жоқ. Науқастардың көпшілігі ауруды жеңіл немесе орташа дәрежеде өткізетінін, ауыр сырқаты бар пациенттердің үлесі 20 пайыздан аспайтынын ескеру керек. Ең бастысы – үрейге берілмеу. Індет сөзсіз аяқталады. Шамадан тыс психологиялық қысым денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Еске салайық 2020 жылдың 8 сәуірінде, яғни сәрсенбіде Қытайдағы COVID-19 эпидемиясының ошағы – 11 миллионнан астам халқы бар Уханьның 76 күндік блокадасы аяқталған болатын. Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, Уханьда коронавирус жұқтырған адамдардың шамамен 94 пайызы сауығып кеткен. Жалпы індетті жұқтырғандардың саны 50 мыңнан асса, аурудан ресми өлім-жітім деңгейі 5 пайыздан асты (2572 адам қайтыс болды). Қазіргі уақытта қалалық ауруханаларда 445 науқас емделуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<