Қызылша – ауа-тамшы жолымен жұғатын жедел жұқпалы вирусты ауру. Инфекцияның көзі науқас адам болып табылады. Ауру басталғаннан 10 күн ішінде науқас адам өте жұқпалы болып есептелінеді. Бұл аурумен барлық жастағылар ауырады, көбінесе балалар жиі ауырғанымен, оларға жаппай екпе жасалынып жатқандықтан, соңғы кезде ересектер арасында аурушаңдық көптеп кездесуде.
Қызылшаның клиникалық белгілері – ауру жедел басталады, дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болады, көздері қызарып қабынады. Таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелердің көлемі 2 мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен, әрбір бөртпе арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күнде бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады.
Қызылша ауруы түрлі асқынуларымен қауіпті. Тыныс алу жүйесі (бронхит, ларингит, пневмония, плеврит), есту жүйесі (отит, мастоидит), орталық жүйке жүйесі (энцефалит, менингоэнцефалит), көру жүйесі (кератоконьюктивит), ас қорыту жүйесі (колит, энтерит), зәр шығару жүйесі бойынша (гломерулонефрит, цистит, пиелонефрит) болуы мүмкін.
Қызылшадан және оның асқынуларынан алдын алудың, қорғанудың тиімді жалғыз әдісі вакциналау болып табылады. Екпе кестесі бойынша балаларға қызылшаға қарсы екпе 12 айында, ал ревакцинация 6 жасында жасалады.
Егер де сіздің балаңыз немесе өзіңіз сырқаттанып қалған жағдайда медициналық көмекке жедел түрде жүгініңіз, емханаға өзіңіз бармай, дәрігерді үйге шақыртыңыз, дәрігер келемін дегенше басқа да жанұя мүшелерімен қарым-қатынасты шектеңіз, жөтеліп немесе түшкіргенде ауызыңыз бен мұрныңызды қол орамалмен немесе бір реттік сулықпен жабыңыз, қолыңызды жиі сабындап жуып отыру қажет, тыныс алу мүшелерін қорғайтын бетперде таңып жүріңіз.
Айгерім ӘЖІБЕКОВА,
№1 қалалық емхана
аймақтық мейірбикесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<