Өз үйіңізде кімнің тіркелгенін қосымша арқылы біле аласыз

461

0

Өз үйіңізде кімнің тіркелгенін қосымша арқылы біле аласыз Қазақстандықтар өз үйінде кімнің қашан тіркеліп, шығып кеткенін мобильдік қосымша арқылы біле алады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде Ішкі істер министрі Ерла Тұрғымбаев айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау міндетімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ұсыну жүктелген. Қазіргі таңда біз осындай қызметтердің 40 түрін көрсетеміз. 2018 жылы ғана халыққа 17 млн қызмет көрсеттік. Жыл басынан бері 6 млн қызмет көрсетілді. Олардың басым көпшілігі миграцияға, жеке куәлік пен паспортты ресімдеуге, тұрғылықты мекенжайға тіркеу және жол қозғалысы бойынша автокөлікті тіркеуге, жүргізушілер куәлігін алуға қатысты қызметтер. 5 млн тарта қызмет мемлекеттік корпорация мен 1 млн қызмет электронды үкімет арқылы көрсетілді», – деді Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде.
Министрдің айтуына қарағанда, өткен жылы ақпараттық жүйелердің интеграциялануы аяқталып, электронды үй кітапшасы әзірленген.
«Ендігі кезекте үйдің қожайыны өзінің пәтерінде кімдердің тіркелгенін арнайы ХҚО-лардан ғана емес, мобильді үкімет (egov.kz) сервисі арқылы телефонынан және планшетінен біле алады. Демек, ешқайда шықпай-ақ мобильдік қосымша арқылы азаматтар өз үйінде кімнің қашан тіркелгенін, қашан шығып кеткенін біле алады», – деді министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<