Қайғысыз қара суға семіреді

510

0

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ұжымымен кездесу өткізді. Ол кездесудегі негізгі мақсат департаментте тергелген қылмыстық іс бойынша департамент тергеушісінің Қылмыстық кодекске сәйкес енгізген ұсынысын қарау екенін жеткізді. Талқылауға алаяқтық және парақорлыққа итермелеу фактісі негіз болды. Басқарманың бұрынғы қызметкері Қызылорда қаласында салынып жатқан тұрғын үйлерге пәтерлерді бөлу барысында көмектесемін деп қаланың бірнеше тұрғынына уәде беріп,  алаяқтық жолмен ақша алған.

 Бұл мәселе бойынша басқарманың бөлім басшысы Батырбек Шаханов қысқаша хабарлама жасады. Қылмысқа тартылған азаматша 2015 жылдың наурыз айында еңбек шарты бойынша ерікті жалдамалы қызметкер ретінде басқарманың әкімшілік бөліміне бас инспектор болып қабылданған. Ол мемлекеттік қызметкер санатына кірмейді. Кейін басқа да бөлімдерде жұмыс атқарды. 2020 жылдың қаңтар айында денсаулығына байланысты өз еркімен қызметтен босаған. Бөлім басшысы қызметкердің басқармада жұмыс атқарған кездері қандай да бір заңбұзушылық немесе моралдан тыс басқа да теріс әрекеттерге бармағанын, жүктелген функционалдық міндеттерді өз деңгейінде атқарғанын атап өтті. Департаменттен ұсыныс түскеннен кейін бұл жағдайға байланысты басқармада кеңінен талқылау болып өткен. Ал салынған тұрғын үйлерден пәтер бөлу – бұл басқарманың міндетіне кірмейтін функция.

 Б.Шаханов басқармада сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарлары бекітілгенін, соның негізінде, тұрақты түрде түрлі шаралар өткізіліп тұратынын мәлімдеді. Апта сайын қызметкерлерге Әдеп кодексі мен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары өткізіліп тұрады. Басқармада соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылық тіркелмеген.

       

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<