Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы не білеміз?

298

0

Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы не білеміз? Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 21 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Аталған Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 Кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономика саласындағы қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.
Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сот жүктемесін оңтайландыру бағытында Азаматтық процестік Кодексіне және «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Бұған дейін сотта қаралуға жататын даусыз талаптардың 9 санаты нотариустарға берілді. Ол жалақыны өндіріп алу туралы, коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өндіру, нотариат куәландырған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау туралы; орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы; нотариус жасаған, төлем жасалмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы; лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы; ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану туралы, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы; жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы талаптар.
Заңмен енгізілген өзгерістердің қатарында-сот орындаушыларының жекелеген қаулыларын соттың санкциялауынан прокурорға беруі. Ағымдағы жылдың 24 сәуірінен бастап сот орындаушылардың борышкерлердің атында банк шоттарының болуы, оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты алу, банктердегі ақшасына тыйым салу қаулыларын санкциялауды прокурор жүргізетін болады. Сот тек борышкер болып табылатын жеке тұлғаның немесе заңды тұлға басшысының Қазақстан Республикасының аумағынан шығуына уақытша шектеу қою және борышкерді сот орындаушысына мәжбүрлеп келтіру жайлы қаулыларды санкциялайтын болады.
Заңдарға меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған енгізілген өзгерістерге тоқталсақ, Салық Кодексінде, «Неке және отбасы туралы Кодексте және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңында алименттік төлемдер үшін ашылатын арнайы шоттардан балаларды ұстауға арналған алименттік төлемдерді өндіріп алуға тыйым салу белгіленді. Заң қарыз алушы-борышкердің банктік шотынан ақшаны оның берешегін төлеу есебіне алуға шектеу енгізді, оған сәйкес оның шотында айлық ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең сома қалуға тиіс. Бұл норма қиын қаржылық жағдайға түскен қарыз алушы жеке тұлғаларды әлеуметтік қорғауға бағытталған.
«Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңына да меншік құқығын қорғауды күшейту бағытында енгізілген өзгеріс те көңіл толтырарлық. Осыған дейін егер банк заем шарты бойынша борышкердің қарызын оның кепілге салған жылжымайтын мүлкінен өндіру жайлы банктер тікелей сотқа жүгінетін болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сатуы үшін үш ай мерзім белгіленген, оның мүмкіндігі бұрын болмағанын атап өтуіміз қажет. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін меншік иесінен алып қоюды жүзеге асыру барысында алынып қоятын жер учаскесінің тең құнын өтеуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау белгіленді.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес өтем мөлшері нарықтық құн бойынша анықталатын болады. Бұдан басқа, мәжбүрлеп алып қою жүзеге асырылатын елді мекен шегінде құны тең өзге жер учаскесін беру мәселесі реттелді. Қазіргі уақытта алып қойылатын жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Жоғарыда аталған меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жасалып отқан игі шаралардың бірі болып табылады.
Батыр РИМОВ,
Сырдария аудандық
Әділет басқармасының жетекші маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<