Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-конференцияда облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанзира Ерсейітова жиынға қатысушыларды саладағы заңға енгізілген өзгерістер бойынша хабардар етіп, олардың қойған сауалдарына жауап берді.
Басқарма басшысының айтуынша, 2014 жылы республикада алғашқылардың бірі болып құрылған облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы бүгінде біртұтас мемлекеттік саясатты жүзеге асырып отыр. Айталық, басқарма құрылғалы бері 130 млрд 824 млн теңгенің 706 сатып алуы өткізіліп, жалпы соманың 4%-нің, яғни 5 млрд 839 млн теңгенің үнемделуіне қол жеткізілді. Ал соңғы екі жылдың көрсеткішіне көңіл бөлсек, 2017 жылы 46 млрд 272 млн теңгенің 246 сатып алуы өткізілсе, 2018 жылдың 9 айында бұл көлемнің 97%-і (239-39 млрд 365 млн) жүзеге асырылған. Сондай-ақ, тапсырыс берушілерге техникалық ерекшелік үлгілері, уәкілетті органдардан алынатын түсіндірмелер түріндегі методикалық көмек көрсетіліп, кураторлық шеңберінде басқарма қызметкерлері 1 млрд 276 млн теңгенің 132 конкурсының комиссияларына мүшелік еткен.
– 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына 15 рет, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 10 мәрте енгізілген өзгерістер мамандардан үнемі ізденісті талап етіп отыр. Бұл ретте, 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 3 ұсынысымыз енді. Атап айтар болсақ, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес келешекте конкурсқа қатысуға жіберілген бір ғана үміткермен бір көзден алу арқылы шарт жасасу мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, кәсіпкердің еңбек ресурстарын тиісті қызметкердің жинақталған зейнетақы қорлары негізінде анықтау және жұмыс тәжірибесін есептеу бөлігінде қажетті өзгерістер орын алған. Мәселен, осыған дейін заңнамадағы жұмыс тәжірибесін есептеудегі бірыңғай жүйенің болмауы конкурстық комиссия жұмысына қиындықтар келтіріп, уәкілетті органның заң бұзушылық деп тануына әкелетін. Енді мұндай жағдайлар болмайды, – дейді ол.
Жалпы, заңдылықта орын алатын өзгеріске қатысты таныстыру-түсіндіру шараларын жүргізу алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<