12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Бұл атаулы күннің тамыры тереңде жатыр. Әлем бойынша 1974 жылдан бастап мейірбикелер күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Ол Қырым соғысы кезінде жарақат алғандарға көмек көрсету үшін қайырымдылық қызметін ұйымдастырған Флоренс Найнтингейлдің құрметіне арналған. Біздің елде бұл мереке 1993 жылдан бастап атап өтілуде. Қазіргі уақытта мейірбике ісі – денсаулық сақтау саласының маңызды бір бөлігі. Бүгінгі таңда орта буын медицина қызметкерлерінің бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мен аурудың алдын алуда жүргізетін жұмыстарының қаншалықты жауапты да күрделі екені баршаға белгілі. Бұл мамандық иесі емделушіге толық күтім жасау үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, қоғамның белсенді тұлғасы болуы керек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде салада 9295 мейірбике тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру аясында қазіргі заманғы практикалық денсаулық сақтау талаптарына сәйкес келетін жаңа форматтағы мейірбике ісінің маманын құру, яғни, жоғары білімді бакалавр мамандарын даярлау жолға қойылды. Өткен жылы 81 мейірбике бакалавр дәрежесін алды. Ал, патронажды мейірбикелер саны 100-ге жетті.
Жалпы, мейірбике бүгінгі заман талабына сай дәрігердің тең құқықты серіктесі ретінде тәуелсіз шешімдер қабылдай алуы шарт. Осы орайда орта буын қызметкерлерінің ролін биіктету мақсатында біршама жұмыстар жолға қойылған. Мәселен, қазіргі кезде Қызылорда облысының орта буын қызметкерлерінің Ассоциациясы құрылып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге, ҚР мейірбике ісін жетілдіру және дамыту мақсатында қабылданған «ҚР Денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстарын дамыту бойынша 2013-2016 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысына сәйкес тәжірибе ретінде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы мемлекеттік колледждерге енгізілген. Осыған орай, Қызылорда медициналық колледжіне «медбикелік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавр мамандарын даярлау оқу бағдарламасына сәйкес 21 студент қабылданса, 2016 жылы аталған бағдарлама бойынша жеделдетілген режимде практикалық денсаулық сақтау саласында 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар медбикелер қатарынан 50 студент қабылданған. Бүгінгі таңда қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасымен 69 студент білім алып шыққан.
Байқап отырғанымыздай, бүгінде мейірбикелерге қойылатын талап жоғары. Ендеше, емдеу ұйымдарында тік тұрып, зыр жүгіріп қызмет ететін мейірбикелер қандай құрметке де лайық.
А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<