Жыл сайын өзге елге барып, табыс табатындар саны артпаса кеміген жоқ. Қазір еліміздің 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеуде. Ал бейресми еңбек етіп жүргені қаншама?!
Расында, жұмыстың жаманы болмайды. Тек еткен еңбегіңе сай ақы төленсе, бәлкім жастар шетел аспас па еді. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, өз елінде лайықты еңбекақы болмағандықтан, аз уақыт шетелде жалдамалы жұмысшы болып, несиесін жауып үй алуды мақсат еткендер көп.
«Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Өткен жылғы ресми дерек бойынша шетелде еңбек ететін 194 мыңға жуық қазақстандық бар. Оның 162 мыңы Ресейде, 13 мыңы Польшада, 6 мыңға жуығы Оңтүстік Кореяда табыс тауып жүр. Кейінгі кезде АҚШ пен Англияға, Оңтүстік Кореяға маусымдық егіншілік жұмысқа баратындар саны артқан.
Жуырда Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуді көздегендер арнайы еңбек визасын алуы мүмкін деген хабар тарады. Бірақ бұл – виза мәселесі шешілді деген сөз емес. Жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері онлайн-форматта келіссөздер жүргізіп, Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «EmploymentpermitSystem» жүйесіне (EPS) енгізу мәселесін талқылаған. Бұл біздің азаматтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ тең еңбек жағдайлары мен құқығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елімізде EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылай отырып, тараптар жемісті және өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек көші-қоны шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірген.
Демек асығуға ерте, нақты шешімі шықпаған. Егер шешім шықса, оның екі жағын ескерген жөн. Кореядағы Қазақ қауымдастығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында дәл осы мәселеге қатысты кеңінен мәлімет беріпті.
Виза алудың жақсы жағына тоқталсақ. Елге еркін кіріп, заңды жұмыс жасайсыз. Әлеуметтік және медициналық сақтандыру болады. Өз еліңізге барып-келуге рұқсат бар. Көлікті заңды айдайсыз. Кез келген жерде құқығыңызды қорғауға болады. Ал теріс жағына келер болсақ, сол елдің өзі дайындап қойған жұмысты ғана жасайсыз. Егер жалақысы көп жұмысқа ауысатын болсаңыз, визаңыздың күші жойылады.
Заңнан аттамай, еңбек визасымен шетелге жұмысқа барып-келгендер де жетерлік. Дегенмен еңбек күші ретінде шетел асқанның барлығын жайлы орын, жеңіл жұмыс күтіп тұрған жоқ. Өзге елде жұмыс істеуді ойлағандар алдымен құжаттарын реттеп, асықпай шешім қабылдағаны дұрыс.
Қош, шетелге көбіне жастар, экономикалық белсенді азаматтардың баратынын ескерсек, бұл өзгеріс елдегі еңбек нарығына да әсер етері анық. Өйткені, еліміздің солтүстік өңірлеріне мамандар жетіспейді. Биылдың өзінде 3 мың жұмыс орнын ұсынып, жастардың солтүстікке баруына жағдай жасалуда.
Көрші Өзбекстан, Қырғызстанға қарағанда жұмыссыздық мәселесінде жағдайымыз тәуір. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде де төмен емеспіз. Бірақ еңбек нарығында шешілмеген мәселелер бар. Бізде ресми жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз шамасында. Жұмыс күші 9,5 млн адам десек, соның ішінде шамамен 500 мыңы ресми жұмыссыз санатында деуге болады. Сонымен қатар, деректерге қарасақ, бізде 2,5 млн-ға жақын адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен. Олар маусымдық жұмыстарға араласып, жұмысы барлардың тізіміне қосылады. Облыста биылғы І тоқсанда жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайыз.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың бірінші тоқсанында 195 мыңнан астам отандасымыз шекара асқан. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам қандасымыз көшті жалғаған.
Қызылорда облысы бойынша кейінгі 5 жылда шетелге кеткен 17 адам ғана тіркелген. Бұл – ресми ақпар. Бейресми деректі Сыртқы істер министрлігі де, көші-қон комитеті де, статистика саласы мамандары да бере алмайды.
– Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне көбірек назар аударғанымыз дұрыс. Шетелге кететін жұмысшылардың көбі – жоғары білікті мамандар. Қайбір жылдары білікті ұшқыштардың шетелге кеткен кездері болған. Сол секілді дәрігер, ақпараттық технологиядан хабары бар, дизайнер сынды басқа да мамандар шетелге барып жұмыс істеуі мүмкін. Менің ойымша, шетелде еңбек етуді ойлаған біліктілігі жоғары, әлемдік компанияларда жұмыс істегісі келген жастарды қолдау керек, – дейді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев.
Қай елде еңбек етсең де, кәсібилігің арқылы үлкен табысқа жетуге болады. Сонда ол өзіне де, еліне де пайдасын тигізері анық. «Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, ModernNomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс» деген болатын ел Президенті Ұлттық құрылтайда. Демек, табыс табуда ешқандай шектеу жоқ.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<