Қызылорда облысының жалпы білім беретін мектептерінің 100-ден астам директоры, орынбасары мен ұстаздары «Заманауи мектепті басқару» бойынша арнайы оқудан өтті.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған оқыту курсында қатысушылар арнайы компьютерлік бағдарламада виртуалды мектепті басқарып, тәжірибе жинақтады.
– Бұл ойында біз мектепті басқаруда негізгі проблемаларға назар аударып, шешімдерді бірлесіп қабылдауға машықтандық. Серіктестерді тарту арқылы қаржылық мәселелерді шешу, әлсіз және мықты тұстарымызға бақылау жүргізуге мүмкіндік алдық, – деп бөлісті Жалағаш ауданындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Шөменова.
Қатысушылардың айтуынша, заманауи мектепті басқару – оқушылардың, ата-аналардың, қоғамның ішкі уәжін есепке ала отырып, сапалы білім ортасын құру, мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін дамыту және заман талабына сай оқыту үдерісін ұйымдастыру. Симулятордың көмегімен менеджерлер кәсіби қабілеттерін шыңдап, білім беру жүйесін жоспарлаудың стратегиялық даму бағыттарын анықтап, ең ұтымды шешімдерді қабылдауға дағдыланды.
– Әдетте төрт жылға перспективалық даму жоспарын жасайтын болсақ, осы симулятор әр жыл сайын қабылданған шешімдердің қаншалықты тиімді болғандығын көруге және бірінші оқу жылында атқарған іс-әрекеттерге сараптама жасай отырып, тиімсіз қадамдардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 орта мектеп мұғалімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<