Заманның заңғар жазушысы

1830

0

Сыр өңірінде ұлт әдебиетінің абызы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алып, жазушы шығармашылығының  идеясы мен мазмұнын насихаттау мақсатында «Әбдіжәміл Нұрпейісов – заманымыздың заңғар жазушысы» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

Конфернцияның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, тәуелсіз қазақ елінің баянды болашағына қызмет ете беретінін атап өтті.

– Тарихы терең, топырағы кенен Сыр елі – ұлттың бағына туған талай дарынды тербеткен өңір. Тереңнен тамыр тартып, сөзден маржан терген осындай ұлылар даласынан қазақ руханиятының қаншама қабырғалы қайраткерлері түлеп ұшты. Солардың бірі де бірегейі, қазақ елінің, қасиетті Сырдың руханиятына, әлемдік ақыл-ойдың бай қазынасына өлшеусіз үлес қосқан классик жазушы, елінің Әбесі болған дарабоз тұлға, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, қазіргі қазақ әдебиетінің абызы Ә.Нұрпейісов туған жерінің тағдырлы мәселесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырман қауымның шексіз ықыласына бөленді. Көрнекті жазушының «Қан мен тер» трилогиясы, «Курляндия», «Соңғы парыз» туындылары – күллі қазақ әдебиетінің табысы.

«Мәдени-рухани дәулетіміздің қадір-қасиетін қапысыз пайымдап, елі мен жері үшін тер төккен тұлғаларымыздың болмысын жаңылмай танып отыру – ұрпақ парызы» деп өзі айтып кеткеніндей, енді бізге Әбдіжәміл ағаның шығармашылығын, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан өлшеусіз еңбегін, қайталанбас классикалық туындыларын жас ұрпаққа ұлағаттау аманат болып қалды.

Ол – түрлі тарихи зобалаңнан, тағдыр тауқыметінен аман шыққан аласармас абыз адам. Ғаламат ғұмыр иесі, екі ғасырдың куәгері. Парасат биігін, кісілік келбетін кір шалдырмаған жан. Болашақта заңғар жазушының шығармашылығын насихаттауға арналған ғылыми конференциялар тұрақты түрде жалғасын табады. Жазушының 90 жылдығына орай Арал қаласынан ашылған музей үйі сүйікті оқырмандарына әрдайым ашық болуы  үшін музей қорын молайтатын боламыз. Сонымен бірге, жазушының туған жері  Беларанға мемориал орнату жоспарымызда бар, – деді облыс басшысы.

Конференцияның күн тәртібіне сәйкес жиын қонақтары, ғалымдар сөз алып, жазушы шығармашылығын арқау еткен келелі тақырыптарда кеңінен пікір айтып, ғылыми таным тұрғысынан баяндамалар оқыды.

Жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай қазақ әдебиетінің абызы Ә.Нұрпейісовтің  шығармашылық еңбектерінде кейіпкерлердің шынайы болмысын ашудағы суреткерлігі жайлы айтып, туындының түпкі мақсатын жеткізудегі терең ұстанымына тоқталды. Табиғатынан артық мақтан, әсіре қошеметті жаны қаламайтын жазушының адами болмысын биік бағалады.

ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебай Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларындағы өзекті де өткір өмір қайшылықтары, аса шеберлікпен бейнеленген кейіпкерлердің қилы тағдыры, олардың монологтары арқылы берілген автордың ой-пайымы кез келген оқырманды бей-жай қалдырмайтынын айтты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы баяндамасында Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы жайлы ой-толғанысын ортаға салды. Ол жазушы шығармашылығында туған жер, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар тақырыбы ұдайы көрініс табатыны – қалам иесінің алысқа көз жіберіп, адамзат болашағы үшін алаңдайтын ақыл-парасатының айғағы екенін айрықша атап өтіп, шығармадағы авторлық баяндаулар мен оқиғалы монологтардың астарында жазушының шығармашылық қалпына тән көп сыр бар екенін айтады.

Қорқыт ата атындағы университет профессоры Ұлжан Жанбершиеваның «Қан мен тер»: ішкі әлемнің тартысы» тақырыбындағы баяндамасы оқырманды ойға батырған көп сұрақтың жауабы секілді. «Бұл трилогия – ел, халық туралы әлеуметтік психологиялық типтік шығарма. Былайша айтқанда, кейіпкерлердің ішкі монологынан тұратын, ұлттық мінезді көрсететін – замана эпосы. Шығармада қарыз бен парыз, ар-ұят, еңбексүйгіштік пен жалқаулық сияқты кереғарлық кезіндегі арпалыста адамның жан азабы, сергелдеңге түсуі, кейіпкерлердің күйзелісі терең психологизм арқылы бейнеленген» деп тұжырым жасады ғалым. Ал, университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Шығармашылық мұрат және суреткер парызы» атты баяндамасында әлемге танылған әдебиет өкілі Ә.Нұрпейісовтің өзіндік ой-танымы, парасат-пайымы, өмірлік ұстанымы мен көзқарасы оның әрбір шығармасынан көрініс тауып жататынын айтты.

– Өзі ұстаз санаған ұлы М.Әуезов шыққан биікті бағындырып, сол биікте қазақ прозасынан нық орын алды. Оның «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары әлемдік деңгейде бағаланды. Демек көрнекті қаламгердің көтерген жүгі, суреткерлік шеберлігі, жалпы шығармашылық мұраты жеңіл болмағаны анық, – дейді ғалым. Сондай-ақ, ол жазушының басты кейіпкерлерін бірде отқа, бірде суға тастап, ширықтыра түсуін, сол арқылы әрбір кейіпкердің ішкі психологиялық күйін терең ашатындығымен байланыстырады.

Келелі жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов заман жүгін көтеріп, ұлт мұраты жолында өлшеусіз еңбек етіп, қазақ әдебиетінен бөлек, әлемдік әдебиетте қолтаңбасын қалдырған  заңғар жазушы Ә.Нұрпейісовтің шығармашылық мұрасы туған жерінде тұрақты түрде насихаттала беретінін айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<