Заң бәріне бірдей

826

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді. Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен  бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі  құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

– Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай  жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел, – деді Президент.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында өткен жиында сөйлеген сөзінде Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет деген болатын. «Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты  тұрмыс та болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Энергетика саласының негізгі мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.

Президентке энергетика саласын дамытудың негізгі мәселелері мен еліміздің отын-энергетика кешенінің биылғы 10 айдағы көрсеткіштері, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика бағыттарындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев аталған кезең ішінде Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 74,8 миллион тоннаны, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаны құрағанын жеткізді. Сонымен қатар 48,7 миллиард текше метр газ, 93,5 миллиард кВт/cағ электр қуаты және 15,35 мың тонна уран өндірілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық электр желісін дамыту үшін атқарылып жатқан шаралар, биыл маусым айында іске қосылған электр энергиясын нарықта сатудың жаңа механизмі жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысына қысқы жылыту маусымы қалыпты өту үшін қосымша бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, энергетика нысандарын қамтамасыз ету мақсатында 5,5 миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған. Бұған қоса Мемлекет басшысына ведомствоның ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспары таныстырылды. 

Кездесу соңында Президент жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<