«Заң керуенінің» сапары

1031

0

Облыстық прокуратура бастамасымен өңірдегі барлық елді мекендерді қамтитын «Заң керуені» акциясы өтуде. Басты мақсаты – барлық аудан, ауылдарға барып, тұрғындармен кездесуде сауалдарға  жауап беріп, өтініштерін қарап, құқықтық көмек көрсету. Кездесулерде әлеуметтік нысандардың, ауыл (көше) аралау арқылы елді мекен тұрғындарының жалпы жағдайы зерделенеді.

Прокуратура және өзге де уәкілетті органдар қызметкерлерінен құралған мобильді топтар кент және ауылдық округтерді аралап, тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Қабылдауда проблемалар көтеріліп, оның біразы шешімін тапты. Мысалы, Сырдария ауданында қабылдауда болған көпбалалы ана Қ.Ишанбек жолдасы Қ.Оспановқа зәбір көрсеткен азаматтарға қатысты қозғалған қылмыстық іс төңірегінде толық жауап алды. Облыс прокурорының орынбасары Б.Мырзабаев бұл қылмыстық іс жеке бақылауында болатынын жеткізді.

Жаңақорған ауданына қарасты Қыркеңсе ауылдық округі тұрғындарымен шаруа қожалықтарының иелігіне берілген 20 пайыз жер үлесін қайтару мәселесі талқыланып, құқықтық көмек көрсетілді. Бұған байланысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, қаралу сатысында.

Тағы бір мысал, Байкенже ауылдық округі тұрғындарының ауылдағы 4 көшені жөндеу мәселесі жиын барысында шешілді. Кездесуде ауылдағы мектеп құрылысы да сөз болды. Ауыл мектебінің құрылысын жүргізу және мектеп оқушыларына жетіспейтін орындықтарды сатып алу үшін қаражат бөлу мәселесі талқыланып, құқықтық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, мектеп құрылысы 2023 жылы басталатыны, оны салу үшін барлық құжаттың дайын және облыстық бюджеттен келесі жылы қаржы бөлінетіні түсіндірілді.

Акция аясында Арал ауданы тұрғындары тарапынан бірнеше мәселе көтерілді. Спортсүйер қауымның сұрауы бойынша Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінен ауыр атлетика жаттықтырушысы штаты ашылатын болады. Осы спорт мектебінің жаттықтырушысы Н.Сариевті зейнет жасына келуіне байланысты зейнеткерлікке шығармай, еңбек шартын 1 жылға созуды сұрағандардың өтініші қанағаттандырылды.

Ал Қармақшы ауданында, «Жосалы – Қызылорда» бағытына қатынайтын такси көліктерінің кәсіпкер ретінде тіркелуі және медициналық тексеруден өту мәселесі қозғалды. Бұл сауал бойынша аудандық кірістер басқармасына аталған такси көліктерінің қызмет көрсету жағдайына талдау жасап, тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерді анықтап, оларды тіркеуге алуға шара қолдану тапсырылды. Аудандық әкімдікке (кәсіпкерлік бөліміне) кәсіпкерлердің күнделікті медициналық тексеруден өтуін үйлестіру және автовокзал ғимаратының иесіне осыған жағдай жасау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Келесі мәселе – Жосалы кенті маңындағы «Бодан» қорымы қоршауларының бұзылуы. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімі тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қандай да бір қылмыс белгілері бар фактілер анықталса тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі.

 Шиелі ауданына «Заң керуені» акциясы тобын бастап барған облыс прокурорының бірінші орынбасары И.Төлегенов шағымы бар тұрғындарды жеке қабылдап, біразының көтерген мәселелері оң шешімін тапты. Ақтоған ауылдық округінің тұрғыны А.Дінбай көтерген «Дос Шын Жар» шаруа қожалығының жер мәселесі бақылауға алынғаны, осы дауға қатысты қазір сот процесі нәтижесінде құқықтық баға берілетіні айтылды.

Тұрсынбай датқа ауылы тұрғыны Е.Махамбетов елді мекен тұрғындарының 3 СНП насос алып беруге ықпал жасау туралы өтінішіне орай ауыл әкімімен бірлесіп, тез арада тиісті шаралар қабылданатыны  айтылды. Майлытоғай ауылдық округінің тұрғыны П.Сәрсенбаевтың «Итаяқ» көліне баратын су жолдарын тазарту мәселесі бойынша аудандық және облыстық су шаруашылығының басшыларына нақты тапсырма берілді. Шиелі кентінің тұрғыны Б.Баржиковтың жекеменшік жер телімінің бөтен біреудің меншігіне заңсыз берілгені туралы мәселесі талқыланып, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Меңлібековке тиісті тапсырмалар берілді. Керделі ауылдық округінің тұрғыны Ә.Байжанованың, Шиелі кенті тұрғыны А.Жұмабаеваның тұрақты жұмысқа орналастыру туралы өтінішін аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің және Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі басшылары есепке алып, тиісті жұмыстар атқару тапсырылды.

Мобильдік топтар әлі де ауыл-ауылды аралауда. Құзырлы орган өкілдерімен кездесе алмағандар болса, арыз шағымдарыңызды prokuratura.kyzylorda@list.ru электронды поштасына жолдауға немесе  +7 777 220 11 92 сенім телефонына хабарласып, жеткізуге болады.

Қажет болған жағдайда анонимдік құқығыңыз толық сақталады.

Қызылорда облысының прокуратурасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<