Құқық қорғау қызметінде криминалистика саласынсыз қылмысты ашу мүмкін емес. Қылмысты кім жасады? Ол қашан, қай күні, тәуліктің қай мезгілінде болды? Келтірілген залал мөлшері қанша, қылмыстық жолмен алынған жылжитын немесе жылжымайтын мүліктердің құнын анықтау. Осы және өзге де сұрақтардың жауабын анықтау – криминалист мамандар міндеті.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде криминалистикалық бөлім жұмыс жасайды. Негізгі міндеті – экономикалық қылмыстарды тергеу, оларды болдырмау және тергеу барысында терең зерттеу жұмыстарын жүргізу. Жыл бойы департамент мамандары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары кәсібилік көрсетіп, көптеген қылмыстық іс бойынша зерттеулер жүргізіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Мәселен, былтыр департаменттің жедел тергеу құрылымдарына 115 материал тағайындалды. Оның ішінде 108-не қорытынды дайындалып, зерттеу нәтижелері нақты анықталды. Қалған 7 материал бойынша алдын ала зерттеу актілері жасалды. Жұмыс экономикалық, тауартанымдық және компьютерлік-техникалық зерттеу бойынша жүргізілді.
Экономикалық қылмыстарға қатысты зерттеулердің саны басым болды. Барлығы 66 экономикалық зерттеу қорытындысы дайындалды, бұл департаменттің экономикалық қылмыстарды тергеу және алдын алу бойынша атқарған жұмысының тиімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, тауартанымдық зерттеулерге 40 қорытынды шығарылды. Материалдардың көпшілігі қылмыстық жолмен алынған залал мөлшерін анықтау бойынша жүргізілді. Өткен жылы тек 2 компьютерлік-техникалық зерттеу жүргізіліп, олар бойынша да нақты қорытындылар алынды.
Департаменттің қызметі тек облыс көлемімен шектелмейді. Аймақтың криминалистикалық бөлімі өзге аумақтық департаменттер мен құқық қорғау органдарына 19 маман қорытындысын ұсынды. Бұл қорытындыларды Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан облыстары мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік департаменттері, полиция қызметкерлері пайдаланды. Мұндай тығыз байланыс құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестіруге және аймақтардағы экономикалық қылмыстарды ашуға оң әсерін тигізді.
Жалпы өткен жылы департамент 44 қылмыстық істі тіркеді, олардың 32-сі бойынша тергеу жүргізілді. Қаңтар мен қараша айлары арасында 48 қылмыстық іс бойынша 108 маман қорытындысы дайындалды. Бұл барлық тіркелген қылмыстық істің толық зерттеліп, әрбір істің әділ қаралуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы зерттеулердің нәтижесінде, 26 қылмыстық іс бойынша 58 маман қорытындысы сотқа жіберілді, 18 қылмыстық іс бойынша 39 маман қорытындысына сот шешімдері шықты және сот шешімдеріне негіз болды. Бұл – департаменттің жұмысын заңды түрде бекітетін маңызды көрсеткіш.
Ал 5 қылмыстық іс бойынша тергеушілер өндірісінде 12 маман қорытындысы қалып, тергеу жалғасуда. Департамент жұмысындағы тағы бір маңызды бағыт – алдын алу және қылмысты болдырмау шаралары. Криминалистикалық бөлім экономикалық қылмыстарды тергеу барысында дәлелдерді табу және нақтылаумен қатар, олардың алдын алу шараларына да көңіл бөлді. 2023-2024 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 23-не сот шешімі шықты.
Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті криминалистикалық бөлімінің жұмысы қылмысты тергеуде және сотқа жолдауда зерттеу жүргізу ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеруде маңызды рөл атқарады. Жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесі облыс аумағында экономикалық қылмыстарды ашу және алдын алуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Осылайша, департамент өзінің жоғары кәсіби деңгейін сақтап, алдағы уақытта да құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында жұмысын жалғастырады.
Батырхан САДЫҚОВ,
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті криминалистика бөлімінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<