Заң талаптары түсіндірілді

981

0

«Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Онда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына өткен жылы енгізілген өзгерістер түсіндірілді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің, облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары, тіл жанашырлары, жарнама агенттіктерінің басшылары, заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысты.

Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ләззат Есімова жүргізіп, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді және жаңа заң талаптарын түсіндірді.

– Көрнекі ақпарат құралдары – баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар саналады. Көбіне жарнама беруші сатафтын затын немесе көрсететін қызметін жарнамалаған кезде оның тіліне мән бермейді. Сол сияқты халыққа қызмет көрсету орындары көрсетілетін қызметтің түрлерін қате аудармамен жазып іледі. Қоғамдық тамақтану орындарында толықтай қазақ тілінде жазылған ас мәзірлері де сирек кездеседі. Заңға енгізілген өзгерістер деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуға, орфографиялық қателерге жол бермеуге, сондай-ақ, қазақ және орыс тілдерінде берілген деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеу фактілерін жоюға бағытталып отыр, – деді Л.Есімова.

Жиын барысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиал төрағасы Сәдуақас Аңсат ұйым тарапынан көрнекі ақпараттардағы қателіктерді жоюда тұрақты «Тіл сақшысы» рейдтері жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, кеңінен насихаттау бағытында басқармамен бірлескен жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Алдажар Әбілов, Аман Абасилов жарнамадағы сауаттылық мәселесінің жағдайы өте нашар екендігін алға тартып, мәтіндердегі қателіктер, тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Осыған байланысты облыста жарнамалардағы арнайы аудармаларды қарайтын жұмыс тобының болуы, оған арнайы қаржы бөлінуі жөнінде ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар, «Қызылорда дизайн», «Шик» және «Нұр-дизайн» жарнама агенттіктерінің басшылары тіл туралы заңды бұзғандарға айыппұл салу жағын қарастыруды, мәселеге қатысты насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары, радио-телеарналарда кеңінен жүргізуді ұсынды.

Жиын барысында қатысушылар көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілді ғана қолдану – мемлекеттік тілдің дамуына жасалған үлкен қадам екендігін атап өтіп, насихаттау жұмыстарына қоғам болып атсалысу қажетін айтты.

«СБ» ақпарат