Бүгінде прокуратура органдары – ел аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын бірден-бір жауапты сала. Жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың жұмысын оңтайлы үйлестірудің нәтижесінде аймақта тұрақты криминогенді ахуал сақталуда.
Нақтырақ айтқанда, өңірде жалпы қылмыстық іс-әрекет өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмендеген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық прокуратураның басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов айтты.
– Елімізде 6 желтоқсан – Прокуратура органдарының кәсіби мерекесі. 1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.
Осы кезден бастап прокуратура саласы Конституцияда негізделген заң аясында қарқынды жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда прокуратура органдарының қызметкерлері бір тетік арқылы жұмыс істеу жүйесіне көшкен. Осы арқылы мыңдаған тұлға туралы мәліметті толық тексеруге мүмкіндік бар.
Жалпы жыл басынан бері прокурорлар заңсыз ұсталған және әрекетін тергеу органы заңсыз саралаған 91 адамның конституциялық құқықтарын сақтады. Сонымен қатар биыл аймақта жалпы қылмыстық деректер былтырғы жылмен салыстырғанда 588-ге азайды. Ал биыл облыс көлеміндегі алаяқтық қылмыс 6 пайызға кеміді. Бұл – қылмыстық іс-әрекетке қарсы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып атқарған жұмыстардың нәтижесі, – деді басқарма басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<