Статистикалық мәліметтер бойынша облыс аумағында соңғы бес жылда (2020-2024 жж.) 1484 қылмыстық іс аясында каннабиноидті топтағы (марихуана, опий, каннабис өсімдігі және т.б.) есірткілердің 4 тоннадан астамы тәркіленген.
Айта кететін жайт, синтетикалық есірткілерге ерекше назар аударылуы тиіс. Тергеу барысында 26 қылмыстық іс бойынша шамамен 2 кг синтетикалық есірткілер айналымнан алынды, бұл тәркіленген жалпы есірткі көлемінің 1,7% құрайды. Статистика өңірде синтетикалық есірткілердің айналымы төмен екенін көрсетеді, алайда бұл жағдай олардың таралуын алдын алу бағытындағы жұмысты қажет етеді.
Қызылорда облысы табиғи жағдайларына байланыста каннабиноидті топтағы есірткілерді өсіруге қолайлы аймақ болып табылады. Осыған байланысты өңірде осы топтағы есірткілердің таралуы кеңінен орын алған.
Көктем-жаз айларында есірткі өсімдіктерін жылыжайлар мен фитолабораторияларда өсіру жағдайлары жиі тіркеледі, ал жаз айларында шалғай жерлерде есірткі алқаптары ұйымдастырылады.
Соңғы бес жылда облыс аумағында 310 есірткі плантациясы жойылды (2020 жылы – 79, 2021 жылы – 44, 2022 жылы – 44, 2023 жылы – 69, 2024 жылы – 74), биыл 3 фитолаборатория анықталды.
Синтетикалық есірткілер негізінен басқа облыстардан, атап айтқанда Ақтөбе және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан транзит арқылы жеткізіледі. Алайда Қызылорда облысына синтетикалық есірткілерді тасымалдау фактілері тіркелмеген.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес аясында құқық қорғау органдарының қызметі үйлестірілуде. Мысалы, 2024 жылдың 2 қазанында есірткі қылмыстарына қарсы күрес мәселелеріне арналған ведомствоаралық жедел мәжіліс өтті. Сонымен қатар 31 қазанда өткен кеңейтілген үйлестіру кеңесінде өңірде есірткі айналымымен күрес бойынша шаралар қабылданып, «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты айлық акция басталды. Акция аясында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге нөлдік төзімділік қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, профилактика мақсатында прокуратура үнемі ақпарат көздеріне мониторинг жүргізіп, есірткілерді жарнамалайтын немесе сататын вебсайттарды анықтауда. Осы жылы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 203 есірткі мен психотропты заттарды сату және жарнамалаумен айналысқан сайттар бұғатталды. Сонымен қатар, өңір халқы арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Есірткі қылмыстарына қарсы акция аясында 37 билборд орнатылып, 891 брошюра таратылды, танымал тұлғалардың қатысуымен 31 бейнеролик жарияланды. Облыс мектептерінде «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында 30000-нан астам оқушыға дәріс өткізілді. Оған қоса, 48 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 6 000-нан астам адам қатысты, 800-ден астам бейнеролик пен фото ақпарат шығарылды. Ондағы мақсат – есірткілердің зияны туралы ақпараттандыру.
Сонымен қатар, жыл сайын «Қарасора» жедел профилактикалық шарасы өткізіліп, есірткі өсімдіктерін анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылады. 2024 жылы осы шара аясында 54 есірткі плантациясы анықталды.
Маңызды аспектілердің бірі – диспансерлік есепте тұрған тұлғаларды қайта оңалту. Қазіргі уақытта өңірде 5899 наркологиялық есепте тұрған адам бар, бірақ олардың арасында синтетикалық есірткіге тәуелді тұлғалар жоқ.
Облыс прокуратурасы оңалту жағдайын бақылап, формалды түрде есепте тұрған тұлғаларды анықтап, прокурорлық қадағалау актілерін енгізуде.
Жалпы, Қызылорда облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау және арнайы органдардың жұмысы кешенді сипатқа ие. Есірткі қылмыстарын анықтау және оларды болдырмау шаралары, халық арасында алдын алу, жастармен жұмыс істеу оң нәтижелер беріп отыр. Алайда, есірткі бизнесін жою және халықты зияны туралы хабардар ету жұмыстары жалғасуы тиіс. Прокурорлық қадағалау мен құқық қорғау құрылымдарының үйлестіру әрекеттері осы апатты құбылысқа қарсы күрестегі маңызды құралдар болып танылады.
Ризабек ОЖАРОВ,
Қызылорда облысының прокуроры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<