Заңды білу – заман талабы

3035

0

Фото: ашық дереккөз

Елімізде заман талабына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады.

Әрбір азамат өз құқығын жақсы білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты.

Сондықтан азаматтар өз құқығын жете білуі, уақыт ағымына сай заңдар жүйесінде орын алған өзгерістерге мән беріп, қызығушылық танытуы керек. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды.

Отбасылық қарым-қатынастарды реттейтін негізгі құқықтық құжаттың бірі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне біршама өзгерістер енгізіліп отыр. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.

Мәселен, неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын беріледі.

Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он бесінші күні жүргізетін болады.

Егер мерзімнің аяқталуы жұмыс күніне тура келмесе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.

Сонымен қатар, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруда  атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесі  алынып тасталды.

Азаматтық хал актілерін тіркеу органына жүгінетін әрбір азамат осы тектес өзгерістермен таныс болуы керек деп пайымдаймыз.

А.ЖАҚСЫЛЫҚ,

Қызылорда облысының

әділет департаментінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<