Заңға өзгеріс енді: Жұртшылық қарыз қамытынан құтыла ала ма?

647

0

Сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілді. Ол қандай ережелер? Тарқатып көрелік.

Енді 90 күннен асқан берешегі барларға кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге тыйым салынады. Демек, бұрынғыдай есепсіз кез келген затты немесе тұрмыстық бұйымдарды алып, оны төлей алмасаңыз, келесі жолы несие алуға мүмкіндігіңіз болмайды. Расында қарызға ұялы телефон, киім-кешек, түрлі техникалық заттарды аламыз. Бірақ қаржылық есеп дұрыс болмаса, төлей алмайтын қауіп басым. Сондықтан несиеге зат аларда «жеті өлшеп, бір кес» дегенді естен шығармағаныңыз абзал.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдатылды. Дәл осы күннен бастап тек берешек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қатысты құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге болады.

Жасыратыны жоқ, тіпті басындағы жалғыз баспананы кепілге қойып, несие алатындар да бар. Бұл көзсіз тәуекелге амалы таусылғаннан баратын болар. Әйтпесе, жылдар бойы салған үйінен кім айырылғысы келеді. Заңда бұл жағы да ескеріліпті. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарды қыс мезгілінде жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір елімізде «бұл кредиттен қалай құтылам?» деп уайым жетегінде жүрген 1,5 млн адам бар. Бізде 9 млн адам экономикалық белсенді десек, соның шамамен 12 пайызы осындай күнделікті уайым үстінде жүр.

–    Осындай уайыммен жүрген адамның қолынан ештеңе келмейді. Жұмысын да дұрыс істей алмайды, кітабын да оқи алмайды. Бәрін жартылай істейді. Себебі санасында 15-і күні кредитімді төлеуім керек деген ой мазалап тұрады. Ол адам ұйқыдан да, күлкіден де айырылады. Бұл адамдарды «өмір сүріп жатыр» деп толыққанды айтуға болмайды. Олар бір биологиялық ритмде жүрген сияқты – тұрады, тамағын ішеді, ұйықтайды. Көзінде ешқандай от жоқ…

Осы жағдайға оларды көп ретте бір сәттік эмоциялар алып келіп жатыр. Мысалы, «мына ақшаны бәрі алып жатыр ғой, мен де ала салайын, бірдеңе қылып қайтарармын» деп бір рет алады, екі рет алады. Қарыздың ішіне кіріп болды деген сөз ғой. Сондықтан, сізде қаржы ұйымына келіп, несие алуға қол қойып жатқан кезде бұл маған қандай қуаныш әкеледі деген ой тұруы тиіс, – дейді.

Қарызға батқандар үшін банкроттық рәсіміне өтініш беру тәртібі де жеңілдетілді. Енді ол үшін кредиторлар тізімін, мерзімі өткен берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілгенін растайтын құжаттың көшірмесін беру талап етілмейді. Мұндай деректер кредиттік бюродан сұратылады. Ал кредиторлар оған тиісті мәліметті жіберуге тиіс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тұтынушылық қарыздардың жалпы сомасы 14,2 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 90 күннен кешіктірілген несиелердің саны 1,6 трлн теңге, бұл – 12 пайыз. Тұтынушылық несие алушылардың саны 8,4 млн адам. Оның 1,5 млн-ы несие төлемін 90 күннен кешіктірген.

Елімізде алаяқтардың құрбанына айналғандар көбеюде. Ең өкініштісі, әккілердің айласы да өзгеріп отырады. Мәселен бұрындары ұялы телефонға құпия сандар жіберіп, банктегі ақшаңызды суырып алатын болса, қазір телефонның Ikloud біліп алып, өзіңізді бопсалайды. Жаңа заң бойынша алаяқтық әрекеттерге жол бермеу жағы да қарастырылған. Онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілген. Бұған дейін кредиттік бюрода азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы мәлімет болған жағдайда қарыз беруге тыйым салынған еді. Осы заңда аталған тыйымды бұза отырып берілген қарыздар бойынша берешекті қаржы институттары кешіру талабы енгізілді. Аталған тыйымның ломбардтар берген микрокредиттерге қатысы жоқ. Алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер заң қолданысқа енгізілген күннен бастап кешіріледі.

Сонымен қатар заң арнайы электронды сауда алаңын құру арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының активтерін сату механизмдерін жетілдіреді.

Қаржы мамандары заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізсе де, ең алдымен несиені алар кезде әр адам ойланып, нақты қажеттілігіне қарай алу керегін ескертеді. Экономист Мақсат Халық несие төлемі отбасы бюджетінің 20%-нан аспауы тиіс дейді.

– Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, несиенің көлемі отбасы бюджетінің 20%-ын ғана құрайды екен. Демек, олардың еңбекақысы да жоғары деген сөз. Үйінің несиесін төлеп отырса да, әрі кеткенде табысының 20%-ын ғана жұмсайды. Ал азық-түлікке 10-12% ғана кетеді. Қалған ақшасына өз-өзін дамытады, балаларын оқытады, саяхаттайды, қор жинайды. Жалпы, Америкада болсын, Еуропада болсын, несие төлеуге керісінше, ынталандырады. Оларға дебюттік карта ұсынсаң, кредиттік карта бер дейді. Кредиттік картамен төлеу тиімдірек және соған ынталандырып қойған. Себебі оның пайызы, мысалы 2%, 3% немесе 4%. Оны қайтару да ауыртпалық салмайды. Сол себепті адамдар қиналмай несие ала береді. Ал біздегі үлкен мәселе – несие пайызының жоғары болуында. 56%-бен халықты кредиттеу жақсылыққа әкелмейді. Оның салдарын бүгін де көріп отырмыз. Өйткені азаматтар жоғары пайызбен несие алғандықтан оны төлеуге табысы жетпейді. Амалсыздан несие үстіне несие алуға тырысады, қарызға кірмесіне амалы қалмайды, соңында өзін банкрот деп жариялайтындай дәрежеге жетеді. Несие алуға  келгенде азаматтар қиналып, көңіл-күйі түсіп жүреді. Неге? Өйткені алған айлығын сол несиеге жұмсауға тура келіп тұр. Сондықтан оның пайызын төмендетуге көңіл бөлу керек, – дейді маман.

Қалай десек те, бізге қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Тіпті оны мектеп қабырғасында арнайы пән ретінде енгізіп, бала кезден өз бюджетін есептей білуді үйрету керек секілді. «Есеп білгеннің есебі түгел» деп бекерге айтпаған болар ата-бабамыз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<