Арнайы комиссия қала аумағында рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдауда. Тексеру кезінде «Нұрмағанбет» кафесінің заңсыз салынғаны анықталып, облыстық мемлекеттік сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жолданды.
Қала орталығындағы «Сохо» мейрамханасының екінші қабаты, яғни террасасының заңсыз салынғаны белгілі болды. Кәсіпкер тиісті талаптарды сақтамай, рұқсатсыз ғимаратын кеңейткен. Мейрамхана басшылығына ескерту жасалып, шара қабылдау үшін тиісті орындарға хабарлама берілген. Ал, «Loft» мейрамханасының иесі жанындағы «Veranda» көше кафесін салу үшін құрылыс тұрмақ, жердің де құжатын рәсімдемеген. Кәсіпкерге заңға сәйкес тиісті шара көрілді.
Жағажай тазартылды
«Таза жағалау» республикалық эко марафоны аясында «Қамыстыбас» ауылдық округіне қарасты «Аққұмшық» жағажайында тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Оған «Қамыстыбас» ауылдық округіндегі мекеме қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылды. Олар көлдің маңайын күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардан тазартып, арнайы жүк көлігіне тиеді.
Эко челлендждің мақсаты – су қоймаларын тазалау және санитарлық тәртіпті сақтау мен қоршаған ортаға қамқорлық танытуды дәріптеу. Сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын қалыптастыру.
Жол жөндеу жұмысы қарқынды
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылдарындағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Жауапты мердігер мекеме басшыларынан сапаға мән беруін талап етіп, салаға жауапты орынбасары Мұрат Әбсұлтановқа жөндеу жұмыстарын күнделікті бақылауға алуды тапсырды.
Аудандық маңызға ие «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» бағытындағы 6,5 шақырымдық және Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс 3 шақырымдық автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарымен мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» ЖШС айналысуда. Қазір «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі жолдың 2 шақырымына қара шебень және ірі түйіршікті асфальт қабаты төселген. Ал Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолына қиыршық тас қабатын төсеу жұмысы қарқынды жүргізілуде.
Қоғамдық маңызды мәселелер талқыланды
Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлының төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған бөлім басшылары, тиісті сала мамандарымен қатар, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңесте кәсіпкерлікке қолдау көрсету гранттары, 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобалардың орындалу барысы, вакцинация жұмыстары және эпидемиологиялық ахуал жайы сөз болды. Сондай-ақ көктемгі әскерге шақыру науқаны мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Аудан аумағында қарасора өсімдігін жою, пайдаланылмай жатқан жер телімдері бойынша профилактикалық шараларды күшейту, жастармен жұмысты жүйелеу, жазғы маусымда түнгі рейдтерді тұрақты өткізу қажеттілігі айтылды.
Ынтымақтастық артты
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Nomad Solar» ЖШС директоры Тьерри Плезанмен кездесті. Аудан халқының игілігі үшін ынтымақтастықты арттыру және салық базасын ұлғайту мақсатында компанияны Жалағаш ауданына көшіру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, келіссөз барысында аудан экономикасына үлес қосу және компания демеушілігімен ойын алаңының құрылысын жүргізу жайы сөз болды.
Келіссөз қорытындысында Тьерри Плезан аудан әкімінің ұсынысын қолдайтынын білдіріп, алғыс айтты.
Айта кетейік, 2019 жылдың қазан айында аудан аумағында «Nomad Solar» ЖШС-ның бастамасымен қуаты 30 МВт күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясы іске қосылған. Қазіргі таңда аталған станция жұмысын табысты жалғастыруда.
Тазалыққа үлес қосты
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен жағажай аумағында тазалық іс-шарасы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, мекеме және бөлім, азаматтық қорғау саласы қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
– Біздің әрқайсымыз табиғатқа деген жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Таза ауа, жасыл желек пен таза су – біздің келешегіміз. Осы байлықты сақтап қалу үшін бәріміз қоршаған ортаны қорғауымыз қажет. Сіздерді табиғатты қорғауға, оны аялауға шақырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Экологиялық іс-шара барысында жағажай аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді. Арнайы техникалармен қоқыс тазартылып, демалыс орнындағы жабдықтар сырланды.
Аналар марапатталды
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті. Оның бесеуі –алтын алқа, он жетісі – күміс. Салтанатты рәсімде аудан басшысы ізгі ілтипатын білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
Жиын барысында алтын құрсақты аналар да сөз алып, мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына алғыс білдіріп, жергілікті басшылықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Макарон цехы іске қосылды
Аудан тұрғыны Еркінбай Шідербаев макарон өнімдерін өндіретін шағын цехты іске қосты. Жалпы құны 19,5 млн теңге болатын бұл өндіріс орны тәулігіне 300-500 келі аралығында дайын өнім өндіруге қауқарлы.
Цехта 3 жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Өндірісте қабыршақ, түтікше және кеспе макарон секілді үш түрлі өнім шығарылуда. Олар ішкі нарыққа бағытталған және сапа жағынан талаптарға толықтай сай келеді.
Аталған жоба жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, өңірлік кәсіпкерлікті жандандыруға және отандық азық-түлік өндірісін дамытуға үлес қосуда. Сонымен қатар, бұл бастама жастарды өндірістік-техникалық мамандықтарға ынталандыруда маңызды рөл атқаруда.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





