Қызылордада іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Business Lady Qazaqstan-2018» конкурсының өңірлік кезеңі өткізілмекші. Конкурс кәсібін жаңадан бастаған және кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған әйелдерді қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Sultan Plaza» қонақ үйінің конференц-залында өткен брифингте ұйымдастырушылар конкурстың ерекшеліктерін атап өтті.
«Business Lady Qazaqstan» – бұл іскер және жетістікке жеткен әйелдерді қоғамға таныту, сонымен қатар олардың шығармашылық және іскерлік қабілеттерін кеңінен ашудың формасы. «Business Lady Qazaqstan» – Батыс пен Шығыстың үздік қасиеттерін біріктіре білген, өзіне деген сенім мен іскерлігін ұштастыра отырып, табиғи сұлулықты бейнелейтін заманауи қазақстандық әйелдің үлгісі.
Елімізде тұңғыш рет өткелі отырған конкурстың негізгі идеясы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты мен міндеттерімен үндеседі, оның ішінде «Тәрбие және білім» бағыты бойынша жастардың бойында белсенді өмірлік позициясын қалыптастыруға, қоғамда «Әйел жетістігі» үлгісін қалыптастыруға бағытталған.
– Қызылордада конкурс 12 мамырда болады. Өңірлік кезеңнің финалына 15 қатысушы өтеді. Олармен екі апта бойы еліміздің үздік имиджмейкерлері мен стилистер жұмыс жасайды. Себебі, үздік іскер әйелдер тек қана табысты болмай, стильді, әдемі және талантты болуы керек, – деді жобаның атқарушы директоры Лейла Бердалиева.
Сайыс үш кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушы өзі туралы, әрине, кәсібі туралы бейнеролик түсіруі керек. Екінші кезеңде кәсіпкер әйелдер өздерінің ой-өрісін көрсетеді. Сұрақтарды спорт саласының, шоу-бизнестегі жұлдыздар қояды. Ал үшінші кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылығын көрсетеді.
– Конкурс жеңімпазы жас толқын мен қыздарға үлгі бола отырып, әйелдің ең басты қасиеті тек сырт келбетінде емес, кәсібилігінде, шығармашылық белсенділігінде, зиялылығында және білімінде екенін көрсете білуі керек. Сол себепті біз олар түсірген бейнероликті әлеуметтік желіге саламыз. Кәсіпкер әйелдер сол арқылы тұтынушы, серіктес және демеуші табуға мүмкіндік алады, – деді Л.Бердалиева.
Конкурсқа кәсіпкерлік саласындағы кез келген нәзік жанды қатыса алады. Жас айырмашылығына да ешқандай шектеу қойылмаған.
Конкурсқа қатысуға өтініш білдіргендердің бірі – «Q-MED» клиникасының жетекшісі Раушан Базарбай. Ол өзінің кәсібін бастамай тұрып, бірнеше жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Бірақ уақыт өте келе ол кәсібін дөңгелетуге бел байлайды. Алғашында кәсіптің алға жылжып кетуі қиын болатыны белгілі. Бірақ Раушан барлығына төтеп беріп, бастаған ісін аяқтамай қоймайтын қайсарлығымен нәтиже шығарды.
Жеке кәсіппен бес жылдан аса айналысып келе жатқан Раушан Базарбай өзінен кейінгі жастарға үлгі бола алады. Алғашында ол «Сана-Сезім» психологиялық орталығын ашты. Ал биылдан бастап орталық «Q-MED» медициналық клиникасына айналды.
Айта кету керек, бұл – еліміздегі иммунитеті әлсіз науқастарды табиғи қалпына келтіретін жалғыз клиника. Екі жылдың ішінде орталықтан 1600 адам кеңес алып, 898 келуші толық кешенді ем қабылдаған. Осы аралықта орталыққа облыс тұрғындары мен еліміздің басқа облыстарынан, сондай-ақ Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Украина, Татарстаннан ем алуға келген.
Өткен жылдың сәуірінде іскер әйел орталықтан ауыр сырқатты емделушілерге күтім жасайтын медбикелер бөлімшесін ашты. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тапсырысы негізінде 50 емделуші тегін ем қабылдады.
Адам тұлға болып туылмайды, ол қасиеттік дәреже даму барысында қалыптасады. Табандылық адамды шынықтырады. Айта кету керек, облыстық кезеңнің жеңімпазы қазан айында өтетін республикалық гала-конкурсқа қатысуға жолдама алады.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<