Абылайхан атындағы жоғары колледжде «WorldSkills Kazakhstan-2018» ұлттық чемпионатының облыстық және аймақаралық кезеңінен жеңімпаз атанған студенттерді марапаттау шарасы өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, республикалық кезеңге жолдама алған жастарға диплом табыстады. Қазіргі нарықтық қоғамда кәсіби-техникалық білім беру ісін жетілдіру, білікті кадр дайындау маңызды. Руслан Рүстемұлы бұл жоба ұлттық экономиканың кәсіби мамандарға деген сұранысын өтейтінін, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеретінін атап өтті.
Жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін арттыруға арналған халықаралық чемпионатқа біздің ел 2015 жылдан бері қатысып келеді. Дүниежүзінің 77 мемлекетінде қолдау тапқан әлемдік байқауға қатысушылар республикалық іріктеу сынында 50 кәсіп бойынша бақ сынайды. Осы кезге дейін облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары 17 мамандық бойынша мықтыларды іріктеген. Атап айтсақ, «Дәнекерлеу технологиясы», «Аспаз ісі», «Кірпіш қалау», «Электромонтаждау», «Желілік және жүйелілік басқару», «Киімдер дизайны және модельдеу», «Веб дизайн», «Шаштараз өнері», «Слесарлық ісі», «Жеңіл автокөліктеріне қызмет көрсету», «Сантехника және жылыту», «Графикалық дизайн», «Құрғақ құрылыс», «Кондитер ісі», «Гид-экскурсовод» мамандығы бойынша үздіктердің мерейі үстем болды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<