Зейнетақы жинағы: Келешекке зор сенім

774

0

Биыл «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» жұмысын бастағанына он жыл толып отыр. Зейнетақы қоры 2013 жылдың 22 тамызында «ГНПФ» жинақтаушы зейнетақы қоры» негізінде құрылған. Бүгінде ел тұрғындары зейнетақы қорының жұмысына зор сенім артады. Нәтижесінде жылдан-жылға оған өзінің қаржысын сеніп тапсырған азаматтар қатары артып келеді. Бұл бағытта «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мамандары да жауапты міндетті абыроймен атқарып отыр. Жергілікті жұртшылық таңғы тоғыздан бастап зейнетақы қорына келіп, өзінің көкейінде жүрген сауалын қойып, зейнетақы жинағына қатысты шаруасын реттей алады.

Жаңашыл істерге жол ашық

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының бір күнгі жұмыс барысымен танысу мақсатында аталған мекемеге арнайы барған едік. Бізді қарсы алған филиал директоры Арнұр Құрманғали алдымен биыл өз саласы бойынша жүзеге асып жатқан жаңалықтар жөнінде әңгімелеп берді.

– Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтардың бірқатар санаты БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге міндетті емес, құқылы еді, –деді ол бізбен әңгімесінде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын, тұрақты салық агенттері емес жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) міндеті жүктелген азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке азаматтар сол санатқа жатқызылды. Сондай-ақ, олардың қатарына елімізде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың, аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке азаматтар енгізілген еді. Енді 1 шілдеден бастап жоғарыда аталған барлық азаматтарға БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын аудару міндеттеліп, ол үдеріс екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізіледі, – деді филиал басшысы.

Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекстегі өзгерістерге сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі. Оның мөлшері қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы есебінен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш шегінде қарастырылады.

ҚР Әлеуметтік кодексі бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ қызметтері жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін дүниеге келген қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) есебін жүргізу міндетімен толықтырылады. Ол әрбір қызметкердің ай сайынғы табысы негізінде есептеліп, алдағы жылдан бастап 1,5% мөлшерінен 2028 жылы 5% мөлшеріне жеткенше жыл сайын ұлғайып отырады.

Операциялық бөлімнің жұмысы қауырт

Қазір облыс бойынша 800 мыңнан астам халық тұрса, оның тең жарымынан астамы біздің Қордың қызметіне сенім артып отыр. Тұрғындарға операциялық қызмет, барып қызмет көрсету, әкімшілік және бақылау секілді 4 бөлім қызмет көрсетеді. Оларға қажетті кеңестер, зейнетақы жарнасы жөніндегі мәліметтер беріледі.

Филиал жұмысымен кеңірек танысу үшін алғашқы шолу операциялық қызмет бөлімінен басталды. Бұл бөлімдегі қарбалас тірлік ешбір толастаған емес. Өйткені, тұрғындар өзін қызықтырған көптеген сауалын мамандарға қойып, тиісті жауабын алады. Қызылорда қаласында тұратын Нұрлыбек Құдайбергенов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысымен ұдайы танысып тұратынын айтады:

– Әр азамат өзінің болашағына сенімді болғаны дұрыс. Елімізде жүзеге асырылған зейнетақы реформасы тұрғындардың келешегіне бағытталған ауқымды іс екені белгілі. Он бес жылдан астам уақыт бойына өзім еңбек ететін мекемеден зейнетақы жарнасының тұрақты аударылып отыруын қадағалаймын. Бұл бағытта ешбір іркіліс жоқ. Бүгін зейнетақы қорындағы жинақтаған қаржым жөнінде мәлімет алуға келген едім. Мамандар тарапынан тиісті жауап алдым. Олардың жұмысына сәттілік тілеймін, – деді ол.

Бөлім басшысы Болатбек Жұматаев бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет атқарады. Тұрғындармен жұмыс барысында жинақтаған тәжірибесі мол. Ол әрдайым мамандардың біліктілік деңгейіне мән берілетінін атап өтті. Зейнетақы қорына келген әрбір азаматтың өтініш-тілегі назардан тыс қалмайды. Оларға жаңа өзгерістер мен заңдылықтар жөнінде түсініктеме беріледі. Осылайша, халыққа қызмет көрсету деңгейінің арта түсуіне жол ашылады.

Операциялық бөлім бойынша биыл қаңтар айынан 1 шілдеге дейін облыс бойынша 34581 қызмет көрсетілген. Оның ішінде салымшыларға (алушыларға) 18986 үзінді көшірме берілсе, 7149 тұрғын қосымша деректемелерін өзгерту (толықтыру) туралы өтініш жасаған. Сондай-ақ, хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы 4765 келісім болса, есеп көрсеткішін растайтын  1996 анықтама берілді. Оған қоса  барлық төлем түрлеріне 1685 өтініш қабылданды.

«Мобильді кеңсе» шалғай ауылдарға барды

Облыстық филиалдағы барып қызмет көрсету бөлімі ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мамандар елді мекендерге барып, халықты зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға қажетті барлық іс-шараларды жүзеге асырады. Бұл жөнінде аталған бөлімнің басшысы Жанар Жәрімбетова жан-жақты баяндап берді.

–  Биыл облыстық филиал мамандары «Мобильді кеңсе» жобасы аясында 85 елді мекенде халықпен кездесуді жоспарлаған еді. Қаңтар айынан бастап мамандар шалғайда орналасқан 38 елді мекенге барып, 1845 операциялық қызмет түрін көрсетті. Оның ішінде салымшыларға (алушыларға) 930 үзінді көшірме, 352  жеке тұлғаның қосымша деректемелерін өзгерту (толықтыру) туралы өтініш, 111 хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісім мәселесі қаралды. Сондай-ақ, есеп көрсеткішін растайтын 452 анықтама берілсе, одан бөлек жылдың басынан бері қала ішінде 544 мекемеге барып қызмет көрсеттік, – деді ол.

Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция

Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан және өзге де табыс көздерінен жинақталады. ҚРҰБ және инвестициялық портфельді  басқарушылар (ИПБ) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін ҚР және шетелдік экономиканың сан алуан секторларының сенімді қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады. Осындай әртараптандыру есебінен тұрақты инвестициялық кірістілік қамтамасыз етіледі.

– Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция. Сәйкесінше, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде 1 жыл кезеңіне талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды. Өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді. Барлық кезең ішінде жинақталған инвестициялық кірістілік жинақталған инфляция 715,41% болғанда, өскелең жиынтықпен 759,72% көрсетті. Демек, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті. Айта кетсек, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекет тарапынан бірегей кепілдік бар. Төлем құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңдер ішіндегі кірістіліктің төмендеуі үшін айырманың өтелуіне де мемлекет кепілдік береді, – деді филиал директоры Арнұр Құрманғали.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мамандары жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Олардың тыныс-тіршілігімен танысу барысында біз осындай жүйелі жұмысты көріп қайттық. Үлкен жауапкершілікпен атқарылған жұмыс өз нәтижесін береді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<