Фото: ашық дереккөз
Елімізде зергерлік бұйымдар өндірісін қолдау үшін Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 6 пайыздық несие берледі. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай дерек келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шаралары көзделген. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау аясында жылдық мөлшерлемесі 6% болатын кредиттер беріледі. 5 жыл мерзіммен берілетін кредит сомасы бір кәсіпкер үшін 3 млрд теңгеге дейін. Кредитті кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда ішінара кепілдік беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%, жұмыс істейтіндер үшін 50%. Кепілдік сомасы – тиісінше 360 млн теңгеден және 1 млрд теңгеден аспайды. Сыйақының жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша микрокредиттер беру 5% мөлшерінде жүзеге асырылады», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, зергелік бұйым өндірушілер инвестицяилық несие де рәсімдей алады.
«Микрокредит беру сомасы инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін құрайды. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 7 % мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру көзделген. Кредит сомасы шектелмеген, субсидиялау мерзімі – 5 жыл және кредиттер бойынша ішінара кепілдік беріледі (кредит сомасы 1 млрд теңгеге дейін 50 %)», – делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<