ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп, жалпы орта білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Сонымен қатар, сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге сатып алу бағасын көтеру фактілерін және қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында қоғам белсенділерімен бірлесіп жасалған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
Мониторинг қорытындысында 293 жалпы орта білім беретін ұйымдардың басшы құрамынан, яғни 5 мектеп директоры және 4 директор орынбасарларының бұрын соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Олар ҚР Еңбек кодексінің 139-бабының 4- тармақшасында көрсетілгендей, бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған адам лауазымға қабылданбауы тиіс. Алайда бұл кодекстің талаптары орындалмағаны белгілі болды. Білім беру ұйымдарына қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде белгіленген норма бекітілмеген. Ол, жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде жүргізіледі.
Өткен жылы 75 млрд 811 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жүргізілген. Үнемделген сома 6 млрд 900 мың теңгені құрап отыр. Бақылау барысында Сырдария аудандық ауруханасы сатып алатын тауарлардың бағаларын нарық бағасынан 1,5-4 есеге дейін асырып көрсеткен. Жеке кәсіпкермен бір көзден тікелей шартқа отыру арқылы жасалған шарттар күмән тудырған. Нәтижесінде дербес компьютерге қажетті клавиатураны 52 мың теңгеге сатып алғаны анықталды. Оның нарықтағы бағасы 5-15 мың теңге аралығында тұрады. Мұнан басқа нарық бағасынан қымбат тауарлар алынғаны белгілі болды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<