Биыл отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл. Осыған орай «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 20 жылдығы. ҚР зейнетақы жүйесінің негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел басында пікір алмасу болып өтті.
Шараға қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев бүгінде елдің қаржылық сауаттылығы артқанын, тұрғындардың жинақтау жүйесіне бірінші кезекте назар аударатынын атап өтіп, халыққа мінсіз қызмет көрсетуді ұстаным еткен филиал қызметкерлерінің еңбегіне сәттілік тіледі.
«БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры А.Дәденұлы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 20 жылдық тарихына шолу жасады. Жиырма жыл ішінде талай реформаны бастан кешірген саланың бүгінде даму жолына түскенін атап өтті.
– Бүгінде жүйе орнықты және өзінің дағдарысқа төзімділігін дәлелдеді. Даму әлеуеті де жоғары. Бір атап айтарлығы, отандық зейнетақы жүйесі ұдайы даму үстінде. Оның басты қағидалары: шоттарды дербестендіру, жинақтарды меншіктеу және мұраға қалдыру. Сондай-ақ, жинақтардың сақталуына мемлекеттік кепілдік қағидалары толығымен сақталған, – деп жинақтау жүйесі жұмысының жүйелілігін атап өтті.
Сондай-ақ, «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары А.Сәрсембаев жинақтау жүйесінің жұмысы және болашағы жайында баяндама жасап, дөңгелек үстелге қатысушыларға мазмұнды ақпарат берді. Өз кезегінде шараға қатысушылар мамандарға көкейдегі сауалын қойып, пікір алмасты.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<