«ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде әкімшілік лауазымдарға конкурстан өткізбестен тағайындау құқығы бар тұлғалар шеңбері кеңейтілді. Өзгерістерге сәйкес, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған РһD докторлар, халықаралық, шетелдік және трансұлттық ұйымдарда кемінде бес жыл еңбек өтілі бар азаматтар конкурссыз мемлекеттік қызметке келу құқығына ие болды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алмаған басшылардың жауапкершілігіне байланысты заңға өзгерістер енгізілетінін айтты.
– Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, орынбасарлары, аудан әкімдері және оларға бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық жасаған жағдайда міндетті түрде отставкаға кетуге сұрану керек. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде отставкаға кетуге міндетті, – деді ол.
Мұнан өзге, мәдениет, дене шынықтыру, спорт, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік орган басшысы лауазымына үміткерлерге конкурстың әңгімелесу кезеңінің алдында тиісті орталық атқарушы органдардан келісім алынбақ. Заңнамада көзделген түзетулерге сәйкес, енді лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді. Қазіргі таңда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аумақтық департаменттерінің келісімі қажет етілмейді. Бұл ретте мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігі мен заңдылығына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапты.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарымен ауыстырылады. Аталған талап 6 айдан кейін қолданысқа енгізіледі. Бұған қоса басқарушы лауазымға орналасуға үміткер мемлекеттік қызметші «Жаңа формациядағы басшы» бағдарламасы бойынша Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев университетінде оқитын болады. Айта кету керек, аталған өзгерістер мен толықтырулар 10 желтоқсаннан қолданысқа енді.
Шынар БекБан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<