Жаңа бастамаларға бастайды

283

0

2019 жыл «Жастар жылы» ретінде жарияланды. Осыған қарап, мемлекеттің қозғаушы күші саналатын жастарға қолдау толастамайтынын аңғаруға болады. Соның ішінде Сыр өңірі мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру бойынша көшбасшылардың қатарында. Арнайы әзірленген «Жол картасында» жастардың жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты мәселелерінің шешімі қарастырылған. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет конференцияда мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір 60-тан астам әлеуметтік жоба жүзеге асуда. Сырдарияның сол жағалауынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жастарға қызмет көрсететін орталықтың құрылысы жүріп жатыр, нысан жуық арада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар бүгінде қаладағы және аудандардағы «Жас­тар ресурстық орталығы» мекемелерінде жұмыс істейтін мамандар нәтижелі қызмет атқарып келеді. Орталық жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына ықпал ететіндей жабдықталған. Мұнда дебат, жас тілшілер, еріктілер клубы, «Жайдарман» үйірмелері жұмыс жасайды және аталған үйірмелерге көптеген жас қызығушылық танытып, мүше ретінде тіркелген.
– Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын  табуы керек. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударудамыз. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары бағытталып отыр. Олардың қатарында «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары бар. Ауыл жастарына арналған «Дипломмен – ауылға!» жобасы да жемісін беруде, – деді Қ.Жанұзақов.
Интернет конференцияда мыңдаған жергілікті жастың шетелден білімін жетілдіруі, барыс-келістің білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септігін тигізгені айтылды. Маргинал жастармен жұмыс жүргізу, оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шет қалмады. Мәліметтерге көз жүгіртсек, аймақта NEET санатындағы жастар санының жылдық көрсеткіші төмендеген. Өткен жылы ол 9,5 процентті құраса, биыл 8,3-ке азайған. Оған еңбек ресурстары балансының жыл сайын жаңаруы, «Облыс бойынша NEET санатындағы жас­тармен жұмыс жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарының», жоғарыда аталған «Облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының» іске асырылуы ықпал тигізіп отыр.
– Жаңа жобалар көп. Қазір жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі ашық. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шетте де бәсекеге қабілетті жанға айналады. «Жастар ресурстық орталығы» КММ осыны ескере келе, биыл «Free English club» жобасын сәтті жүзеге асырды. Қаржылық қолбайлауды артта қалдырып, бизнес әлеміне еркін енуге септігін тигізген «Zhas Project» жобасы да идеясы мол, кәсіпкерлікке икемі бар жастарға қанат бітірді. Оған облыс бойынша 671 жас жобасын ұсынып, 266 жоба қолдау тапты. Жастар жылына орай да Сыр өңірінде бірқатар тың бастамалар қолға алынады деп күтілуде, – деді спикер.
Басқарма басшысы желіге келіп түскен сауалдарға да жауап берді. Жастарға арналған осы тектес мүмкіндіктердің көп­тігін, тек оны қалт жібермеу қажет екендігін тағы бір қаперге салды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<