Жаңа кезеңнің жарқын бастауы

469

0

Латын – бұл ғылым мен техниканың тілі, білім мен өндірісті ұштастырған тіл. Қазіргі таңда латын қарпіне көшу ұлт үшін жасалған игі қадамдардың бірі болып отыр. Ол бізге түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған, компьютерді кеңінен қолданатын заманда интернет жүйесінде де латын әліпбиі үстемдік етеді. Латын әліпбиі бізге етене таныс, оны күнделікті өмірде жиі пайдаланамыз. Латын қарпіндегі қазақ тілі компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге мүмкіндік алады. Сол себепті де компьютерді толық меңгерген жастар мен орта буын өкілдеріне латынды үйрену еш қиындық келтірмейтіні белгілі.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тілші-ғалымдар, тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасап, ұсынды. Сол сәттен бастап қоғамда қызу талқылаулар мен ой бөлісулер басталды. Ұлт үшін маңызды әліпбиді жасау барысында латын әліпбиін пайдаланып жүрген өзге де елдердің тәжірибесі сараптан өткізіліп, білікті мамандардың пікірлері ескерілді. Нәтижесінде 2017 жылғы  11 қыркүйекте латын әліпбиінің 1-нұсқасы, 26 қазанда 2-нұсқасы,  2018 жылғы 19 ақпанда 3-нұсқасы ұсынылды. Соңғы екі нұсқа бойынша да жер-жерлерде апробациялық жұмыстар жүргізілді. Түрлі сала қызметкерлеріне латын әліпбиінде  диктант жаздыру барысында әліпбилердің кем-кетіктері мен жетістіктері анықталып, тиісті ұсыныстар жоғары тұрған органдарға жолданып отырды. 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың өкімімен қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі  іс-шаралар жоспары бекітіліп, латынға көшудің 3 кезеңі жоспарланды. 2018-2020 жылдарды қамтитын 1-кезеңде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Қазіргі таңда 4 – орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылып, әр топ өз бағыты бойынша жұмыстар жүргізуде. Алғашқы кезеңде латын графикасындағы орфографиялық, орфоэпиялық, емле ережелерін әзірлеу, латын әліпбиіне оқыту және үйрету әдістемесін дайындау, латын графикасын ІТ технологияларға, ақпараттық кеңістіктерге бейімдеу, оқулық­тарға, латын графикасындағы оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жасау, оқыту курстарын ұйымдастыру, сөздіктер мен анықтамалықтар шығару, тарату жұмыстарын жүргізу жоспарланды. 2021-2023 жылдары 2-кезең басталып, нормативтік құқықтық актілерді латын графикасына көшіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, азаматтарға паспорттар мен жеке куәліктерді, басқа да құжаттарды жаңа әліпбиде беруді қамтамасыз ету, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктердің жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету, сала­лық сөздіктерді шығару, қазақ тілінің акаде­миялық грамматикасын, түсіндірме сөздігін, аударма сөздіктерін әзірлеу, шығару, тарату жұмыстары іске асырылады.

2024-2025 жылдарды қамтитын 3-кезеңде латын графикасына  мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының ісқағаздарын, БАҚ және баспа басылымдарын кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылғы желтоқсанда еліміз латын графикасына толықтай көшіріліп болуы тиіс. 

Білім беру ұйымдарында латын әліпбиімен 2020-2021 оқу жылынан бастап мектепалды даярлық тобының балдырғандарын оқытуды бастайды. 2021-2022 оқу жылы мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары жаңа әліпбимен сауат аша бастайды. 5-11 сынып оқушылары латын графикасымен 2023-2025 оқу жылында білім алатын болады. Техникалық және кәсіптік білім беру 2020-2023 оқу жылдарында, жоғары білім беру, бакалавриат 2021-2024, жоғары білім беруден кейінгі білім беру (резидентура, магистратура, докторантура) 2022-2024 оқу жылдары латын әліпбиіне көшетін болады.

Мемлекеттік қызметші – мемлекет мүддесі үшін өз біліктілігі мен білімін, күші мен қажыр-қайратын аянбай қызмет ететін тұлға болғандықтан да, латын графикасына көшу барысында олардың көтерер жүгі салмақты. Мемлекеттік қызметшілерді латын графикасына үйрету 2019-2021 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында ұйымдастырылатын болады.

Латын әліпбиіне көшу бойынша облыс әкімдігінде жұмысшы топ құрылды, оның бірнеше рет отырысы өткізіліп, латын әліпбиінің жобаларына қатысты ғалымдардың ұсыныстары жоғары тұрған органдарға жолданды. Сонымен қатар облыс тұрғындары арасында латын графикасына көшуді түсіндіру, насихаттау мақсатында тілші-ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен, тіл мамандарынан тұратын ақпараттық-насихаттық топ қала, аудан тұрғындары, түрлі сала ұжымдары арасында семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіп келеді. Жергілікті телеарналарда «Мезгіл мәселесі», «Жаңа күн» бағдарламаларында филолог-ғалымдардың, тіл мамандарының сұхбаттары мен брифингтері берілуде. 2017 жылы осы бағытта 422 шара өткізілді, оған 15 325 адам қамтылды. Басқармаға қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілдің оқыту курсына қатысушылармен апробациялау жұмыстарын жүргізіп, диктант жұмыстарын алды.

Қазақ әліпбиін латын графикасына ауыс­тырудың негізгі қағидаларын түсіндіру мақса­тында облыста 2018 жылдың басынан бері ірі көлемді 80-ге жуық шара өткізіліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда.

Қазіргі күні қоғамда кейбір адамдар халықтың жаңа әліпбиді меңгеруі, әсіресе, аға буынның оқып-жазуға бейімделуі қиын болатынын алға тартып жатады. Осы себепті Елбасымыз латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін бірден емес, кезең-кезеңімен және дәйекті түрде енгізуді ұсынды.

Кез келген жаңа істің, соны қадамның азды-көпті тәуекелі болады. Қандай іс қылсаң да, ол оңай бола қоймайды, оның қиындығы да қоса еріп жүреді. Сондықтан «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорықпау керек. Себебі, тілдің болашағы – елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес.  Мемлекетіміз барлық қазақстандықтардың жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кетуіне барлық мүмкіндіктер жасайды, тегін оқыту курстарын ұйымдастырады. Курстарға барлық буын өкілдері, барлық сала мамандары қамтылатын болады.

Латын әліпбиі – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет. Бұл – қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшірілуі ел болашағы – жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазір  ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.

Г.РОМАНҚҰЛОВА,

облыстық ішкі саясат басқармасы 

тілдерді дамыту және әдістемелік 

жұмыстар бөлімінің бас маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<