Замана үнін, Ұлы дала сарынын, баба сырын көзінің қарашығындай қастерлеп, дәріптеп жүрген облыстық филармония жаңа маусымның шымылдығын ашты. Қырық жетінші маусымның ашылуына арналған концерт сәрсенбіде облыстық филармонияның концерт залында өтті. Филармонияның камералық оркестріне «Құрмет» ордені және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаев дирижер болды. Ал көркемдік жетекшісі – мәдениет және өнер саласының «Жыл адамы» номинациясының иегері Анар Жаңбырбаева.
Концерт барысында оркестр өнерпаздары көрерменге төл шығармалармен қатар, әлемдік композиторлардың туындысын ұсынды. Әсіресе Бетховен, Биксио, Шуберттің шығармашылығы жиналған қауымды тәнті етті. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейітова М.Ержановтың «Қуанамын» әнімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Сахна төрінде сән құрып, тыңдарманның жүрегіне жол тапқан орындаушылардың бірі Мақсат Мақұлбеков италиялық сазгер Энрико Каннионың «Влюбленный солдат» атты туындысын нақышына келтіре орындады.
Кеште қазақтың қасиетті домбырасы да күмбірледі. Қос ішекті аспаппен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Әбсадықов өнер көрсетті. Ол орындаған Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйі халыққа ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, кеште Г.Нағашыбай, А.Исмаилов, Р.Балмасов, Ә.Жаналиева сынды оркестр өнерпаздары өз шеберліктерін паш етті.
Кеш соңында камералық оркестрдің өнеріне сүйсінген жұрт жылы лебіздерін жаудырып, оларға құшақ-құшақ гүл табыстады. Осылайша жаңа маусымның алғашқы шарасына келген көпшілік көңілдері шалқып тарқады.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<