Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру деп білемін. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруда, әл-ауқатын көтеруіне мемлекет басшысының ұстанымы жаңа мүмкіндіктер беруде.
Осы сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылуына біздің басқарма қызметкерлері де үлестерін қосуда. Себебі, әр адамның өмір сапасын жақсарту үшін денсаулық, білім, баспана, қолайлы өмір сүру жағдайлары қажет. Оны қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлердің, мектептер мен балабақшалардың, емханалар мен ауруханалардың, спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысын салу, оларға инженерлік желілер мен жолдарды уақытында пайдалануға беруіміз керек.
Аталған жұмыстар облыста кеңінен жүргізілуде және республикада біздің аймақ алдыңғы қатарда келеді. Атап айтар болсақ, биыл 23 әлеуметтік нысанның құрылысы салынуда. Жыл ішінде барлығы 11 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланса, 2 нысан (Сырдария өзенінің сол, жағалауында жастар орталығы, стадион) ел игілігіне беріліп, қалған 9 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында, облыста тұрғын үй құрылысында жылдан жылға өсу байқалады. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен 1862 пәтерді құрайтын 43 үйдің құрылысы жүргізіліп және жыл ішінде барлық қаржыландыру көздерінен 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді және 299 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары қорытындысымен 277,3 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ке артық орындалды.
Бұған қоса, аймақта аз қамтылған мұқтаж көпбалалы 150 отбасы анықталып, Болат Өтемұратов қорының қайырымдылық көмегі есебінен 100 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Оның құрылысына әкімдік тарапынан барлық қажетті инженерлік желілер жүргізіліп, әр үйге 6 сотық жер телімі берілді. Қалған 50 отбасы облыстық бюджет есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі.
Сонымен бірге бұндай жұмыстар ауданда да атқарылуда. Жыл басынан бері жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен аз қамтылған көпбалалы 11 отбасы баспанамен қамтылды.
ҚР Президентінің сындарлы саясатымен құрылыс саласын дамытуда өзіндік жолымызды айқындап, бағыт-бағдарымызды бірге жүзеге асыруда еңбек ете береміз.
Мұхамедиса Әлсеріков,
облыстық құрылыс,
сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<